Егінжайдағы еңбектің елеулі тұсы

Сыр диқандары көктемгі егіс науқанына қызу дайындықты бас­тап кетті. Биыл егістіктегі екпінді еңбек тың жаңалық­тар­ға толы. Оның ішінде күріш көлемін азайтып, ор­­нына жүгері алқабын кеңейту бастамасы қолға алынды. Су тапшылығын еңсерудің түрлі тетігі де қарастырылып жатыр.

Жалпы, биыл даңғайыр диқандардың берекелі тірлігіне кесе-көлденең тұрған қиын­­­­дықтар аз емес. Ең бастысы, күріш ал­қабын суару үшін бұл науқанға Сыр­да­риядан 3,2 млрд текше метр ғана су ли­миті бө­лініп отыр. Сондықтан күрішшілер су­ды үнемдеудің сан түрлі тәсілдерін із­деу­мен бас ауыртып әлек. 

Биылғы науқанда облыста 185,8 мың гек­тар жерге ауыл шаруашылығы дақыл­да­рын егу жоспарланған. Бұл тұр­ғыда Мемлекет басшысының тап­сыр­ма­сына сәй­кес, күріш алқаптарын 10,9 мың гек­тарға қысқартып, 70 мың гектар дең­гейін­де сақтау көзделген. Бұл көр­сет­кіш бірін­ші кезекте су ресурстарының шек­теулі жағдайына қарай дәстүрлі егін­шілік тәсіл­дерін қайта қарау негізінде туын­дап отыр. Яғни, егіс көлемін оңтай­лан­дыру ісі тек агротехникалық емес, сон­дай-ақ су қауіп­сіздігі мәселесіне тіке­лей байла­ныс­ты қабылданған батыл қа­дам ретінде тү­сін­діріледі.

«Бұл ретте егісті әртараптандыру сая­саты ерекше маңызға ие. Осы мақсатта биыл­ғы егістік науқаны елді елең еткізер тың бастамаларға толы. Оның ішінде кү­ріш­тің орнына жүгері сияқты суды аз қа­жет ететін дақылдарды енгізу – су ре­сурс­­тарын үнемдеумен қатар, ауыл шар­уа­­­­­шылығының экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда жү­герінің су тұтыну көлемі күріштен ша­мамен 5 есе төмен болуы – аймақ үшін үл­кен артықшылық. Бұл тек шығынды азай­тып қана қоймай, климаттық тәуе­кел­дерге бейімделудің нақты тетігіне ай­­на­­латынына сенім зор», – дейді   облыс­тық Ауыл шаруашылығы жә­не жер қ­а­ты­настары басқармасының егін­шілік және өсімдік қорғау бөлімінің бас­шысы Асыл­жан Жарылқасынов. 

Негізінен, су үнемдеу техноло­гия­ла­рын ен­гізу – аграрлық сектор­да­ғы құрылымдық реформалардың өзегі са­налады. Сондықтан бүгінде су ресурс­та­ры тапшылығы салдарынан әлем елдері су үнемдеу технологиялары мен тәсіл­дері­не басымдық беріп отыр. Оның ішінде там­шылатып және жаңбырлатып суару әдісі жоғары маңызға ие. 

Бұған қоса, заманауи цифрлық тех­но­ло­гияларды игеруде де су үнемдеудің тиім­ді тетіктері қалыптасып келеді. Яғни, ни­дерландта датчиктер арқылы то­пы­рақ ылғалдылығын анықтап, ауа тем­пе­ра­турасын және өсімдік жағдайын бақы­лау тәсілі жоғары деңгейде дамыған. Осы Smart суару жүйесінің көмегімен су егіс­тікке қажетті уақытта беріліп, сол арқылы су шығынын азайтып қана қоймай, өнім­ділік деңгейін арттыруға мүмкіндік алып ке­леді. Ал Сингапур сынды бірқатар елде қай­та өңдеуден өткен ағын суларды егіс­тік­ке қайтадан пайдалану тәсілі тіршілік нәрінің тапшылығын еңсеруге көп көмек болып тұрғаны айтылады. 

Ал біздің елімізде, оның ішінде ырыс­ты, күрішті Сыр өңірінде де соңғы жыл­да­ры су үнемдеуге бағытталған баянды бас­тамаларға бетбұрыс бар. Яғни, тамшы су­дың өзін тиімді пайдалануға талап кү­шей­ді. 

Өңірдегі басты дақыл – күріштің суға тәуел­ді өнім екені көпке мәлім. Сон­дық­тан су үнемдеу тәсілдері Сыр диқан­да­ры­ның басты мәселесіне айналып тұр. Аз су­дан мол өнім алудың сан түрлі әдістерін қол­дануға жайлап көшіп жатыр. Содан нақты нәтижеге жетуді көздейтіні де бел­гілі. 

«Өткен 2025 жылы өңірде 8,1 мың гек­тар­ға енгізілген заманауи суару әдістері, оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып және пленкалы тәсілдер бұл бағыттағы ал­ғашқы нәтижелерді көрсетті. Бұл жал­пы егіс көлемімен салыстырғанда әлі де тө­мен көрсеткіш болғанымен, тиімді тұс­тары байқалды. Соған орай, 2026 жылы бұл көлемді 16,7 мың гектарға дейін ұл­ғай­ту жоспары қарастырылып отыр. Осы арқылы бірінші кезекте өнім сапасына басымдық беру жоспары бар. Сонымен қа­тар өңір шаруашылықтарына мем­ле­кет­тік қолдау шаралары көлемінің арт­қа­нын да айрықша атап өтуге болады. Бұл тұрғыда алдағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлу бекітілді. Оның ішінде 2026 жылға 10 млрд теңгеге жуық қаражат қа­растырылып отыр. Бұл су үнемдеу тех­нологияларын енгізуге негіз қалып­тас­ты­ра­ды деген сенім зор. Бұл жерде ең бас­ты­сы – қаржының игерілу тиімділігі мен нақ­ты нәтижеге бағытталуы маңызды. Бұ­ған қоса, егісті лазерлік тегістеу жұмыс­тары су үнемдеудің тиімді құралдарының бірі ретінде бағаланады. Бұл тұрғыда 2025 жылы 60 мың гектар жер лазерлік те­гіс­теу­ден өткізілсе, 2026 жылы бұл көр­сет­­кіш­ті 65 мың гектарға жеткізу жоспары бар. Бұл суды біркелкі бөлу арқылы шы­ғын­ды азайтудың нақты жолы ретінде қа­растырылып отыр. Осылайша, 2028 жылға дейін бұл жұмысты толық аяқтап, ұзақ­мерзімді тұрақтылыққа бағытталған бастаманы жүзеге асыру көзделуде», – деп ойын сабақтады бөлім басшысы.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, Сыр елінде су үнемдеу бағытында бірқатар ірі ин­новациялық жобаларды жүзеге асыруға да иек артып отыр. Оның ішінде Венг­рия­лық Water Retainer препараты арқылы то­пырақтағы ылғалды сақтау тәжірибесі жү­зеге асырылмақ. Бұл игі бастама тә­жі­ри­бе жүзінде өңірдегі Ы.Жақаев атындағы Қа­зақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институты базасында жүргізілмек. Егер бұл жоба оң нәтиже берсе, өңірдегі су тапшылығы мәселесін еңсерудің басты ше­шімі болады деген сенім зор.

Бүгінде аймақтағы шаруашылықтар су тапшылығын еңсерудің сан түрлі тә­сі­лін тәжірибеден өткізіп жатыр. Қазірдің өзін­де су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғытталған тың әдістердің шапағатын се­­­­­зінгендер қатары аз емес. 

«Жалпы, Шиелі ауданы Жансейіт ауылының халқы су үнемдеу тәсілдеріне иек артып келеді. Тұрғылықты халық күн жы­­­­лынып, жер қарайғаннан көкөніс егуге кірі­седі. Кейінгі кезде халық көкөніс егіс­тігіне тамшылатын суару әдісін 100 пайыз қолданысқа енгізді. Ал өзімнің ие­лі­гімдегі «Мақсат» шаруа қожалығы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қожа­лық­тың негізгі күріш егістігіне 2 жылдан бері лазерлік тегістеу әдісін қолданамыз. Бұл жүйе су үнемдеудің таптырмас тәсілі бол­ды. Яғни, лагерлік тегістелген алқапта аз суды ұстауға мүмкіндік артады. Биылғы ме­же де жоғары. Сол мақсатта арнайы тех­никалардың көмегімен жерді тегістеп, арық­тарды тазалау жұмыстарын талапқа сай жүргізіп жатырмыз. Шаруашылықта 20 шақты адам еңбек етеді», – дейді қо­жа­лық төрағасы Мақсат Тәшімов. 

Жалпы, Сыр өңіріндегі аграрлық саясаттың негізгі бағыты эко­ло­гиялық тұрақтылық пен су қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге негізделген. Осы ретте ма­мандар тарапынан суды үнемдеудің өңірге қолайлы тиімді тәсілдері айтылып жүр. Соның ішінде күріш суару техно­ло­гия­сын өзгерту тәсілі айтылады. Яғни, әлемде қолданылатын AWD әдісі бойын­ша суды белгілі бір кезеңде азайтып, кейін егістік алқапқа қайта беру тәсілінің тиім­ді­лігі ұсынылады. Бұл өңірдегі су шығы­нын 20-30 пайызға азайтып, топырақтың тұз­дануын төмендетіп, өнім сапасын сақ­­­тауға ықпалы зор деген пікір бар.

Қалай дегенде де суармалы егіншілікке тәуелді Қызылорда облысы үшін су тап­шы­лығы шешімін күткен өзекті мәселеге ай­налып тұр. Әсіресе, күріш өсірумен ай­на­лы­сатын шаруашылықтарға аз суды тиім­ді пай­даланып, өнім сапасын арт­тыру мін­деті жүктеліп отыр. Соған орай су үнем­­деуге бағытталған тиімді тә­сіл­дер тұ­рақ­­ты түр­де қолданысқа енгі­зіл­се, тір­шілік нәрі­нің тапшылығы айтар­лық­тай азайып, эко­логиялық жағдай жақ­сарып, егін өнім­ді­лігінің тұрақтануына жол аша­ры сөзсіз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы