Бір қарағанда қисынды-ақ бастама, себебі табысынан асырып қарыз алған адам ертең банкті де, өз отбасын да орға жығуы мүмкін. Бірақ таяқтың да екі ұшы бар емес пе?! Бүгінде несие көп адам үшін артық шығын емес, жетпеген табысының орнын толтыратын құралға айналған. Сондықтан несиеге лимит қою қаржы нарығын тәртіпке келтіру ғана емес, халықтың күнкөрісіне тікелей әсер ететін әлеуметтік шешім деуге толық негіз бар.
Бүгінде Қазақстанда тұтынушылық несие жай ғана банк өнімі болудан қалған. Ол қазір көптеген отбасының күнкөріс стратегиясына айналып кетті. Бірі азық-түлікке ақша жеткізе алмайды, бірі баланың оқуына, киіміне, еміне қаржы іздейді, бірі коммуналдық төлем мен жалдау ақысын жабу үшін қарыз алады. Осы тұста 2025 жылғы динамика көп нәрсені аңғартады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауынша, былтыр қазақстандықтар жаңа несие алуға бұрынғыдай лап қойған жоқ. Керісінше, жаңа қарызға берілген өтінімдер саны 13,7 пайызға азайған. Ең ірі сегмент – кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша өтінімдер 16,9 пайызға төмендеген. Бұл – жай статистика емес, нарықтағы көңіл күйдің өзгергенінің белгісі.
Базалық мөлшерлеме есебінен несие де арзандап жатқан жоқ, қайта қымбаттап барады. Банктер өтінімдерді бұрынғыдан жиі кері қайтара бастаған: мақұлданған өтінімдердің үлесі 29,2 пайыздан 26,2 пайызға түскен. Ең алаңдататыны – мерзімі өткен қарыздың өсуі. Халық несиесі бойынша кешігу деңгейі 2,9 пайыздан 4 пайызға көтерілген. Бұл жерде жай ғана техникалық ауытқу емес, табыс пен шығын арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуын көреміз. Адамдар бұрын алған қарызын өтеуде қиналып жатыр. Мұндай жағдайда жаңа лимит енгізу белгілі бір деңгейде қауіптің алдын алуы мүмкін. Бірақ ол сұранысты жоғалтпайды. Қаржыға мұқтаж адам бәрібір ақша іздейді.
Тыйым мәселені шешсе, ломбард неге көбейді?
Банктерден несие алу тәртібі қатаңдаған соң ақшаға мұқтаж жұрт балама жол іздей бастады. Соның ең айқын көрінісі – ломбардтар нарығының ұлғаюы. Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылы ломбардтар арқылы берілген займ көлемі 34 пайызға өскен. Бұл жай кездейсоқ статистика емес, қаржыға қолы жетпеген халықтың қайда бет бұрғанын аңғартатын көрсеткіш. Яғни, ресми несие тетігі тарылған сайын жұрт кепілге зат қойып ақша алуға мәжбүр болып отыр.
коллаж: Елдар ҚАБА
Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Абылқасымова да ашық мойындады.
«Шын мәнінде, иә, кепілсіз тұтынушылық несиеге қойылатын талаптардың күшеюіне байланысты халықтың ломбардтарға жүгіну үрдісі байқалып отыр. Өйткені ол жерде адам қандай да бір бұйымын кепілге қойып, соның есебінен қарыз ала алады. Яғни, банк арқылы өте алмай жатқан сұраныс басқа арнаға ауысып жатыр. Бұл құбылысты жоққа шығаруға болмайды. Халық қаржыға мұқтаж болған соң қолындағы мүлкін ақшаға айналдыруға көшеді», – деді ол.
Ломбардтағы қарыз кепілмен берілетіндіктен, ол банктегі сияқты борыш жүктемесін ұзақ уақытқа созып, шексіз өсірмейді. Адам уақытында төлей алмаса, кепілге қойған заты ломбард меншігіне өтеді де, міндеттеме тоқтайды. Қаржы реттеушісі үшін бұл – жүйелік тәуекелі төмен тетік. Бірақ әлеуметтік жағынан қарағанда мәселе мұнымен жеңілдеп тұрған жоқ. Өйткені банкке қолы жетпеген адам енді алтын бұйымын, телефонын, тұрмыстық техникасын өткізіп, күнделікті қажетіне ақша табуға мәжбүр.
Мадина Абылқасымова бұл механизмнің логикасын былай түсіндірді:
«Біз не үшін тұтастай алғанда кепілсіз тұтынушылық несиелеуді реттейміз? Оның себептері көп: қаржы ұйымының тұрақтылығын сақтау керек, қарыз алушының тәуекелін азайту керек. Ал ломбард жағдайында адам кепіл ұсынады, егер қарызды уақытында өтемесе, оның ломбард алдындағы міндеттемесі сол мүлік арқылы тоқтатылады. Сондықтан мұнда борыш жүктемесінің шексіз ұлғаю қаупі жоқ деп есептеледі. Соған қарамастан, ломбардтар заң талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Мысалы, несие 90 күннен артық ұзартылмауы керек, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне қойылатын талаптар да, тұтынушы құқығын қорғау нормалары да толық сақталуға міндетті», – деді ол.
Қазақстандағы қарыз мәселесін көпшілік қаржылық сауаттың төмендігімен түсіндіруге әуес. Әрине, бұл фактор бар. Дегенмен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы былтырғы үрдістерді түсіндіргенде негізгі себептердің бірі ретінде нақты табыстың төмендеуін атайды. Бұл өте маңызды. Халықтың табысы шын мәнінде өсіп, күнделікті шығынды еркін жабуға жетсе, кепілсіз қарызға сұраныс дәл осындай сипат алмас еді.
Тұтыну мәдениетіне де әсері бар
Бұл мәселелердің түп-тамыры базалық мөлшерлемеден бастау алып тұр. Дегенмен бұл саясат азаматтардың қаржылық мінез-құлқын да қалыптастыруға ықпал ететін көрінеді. Мысалы, Ресей Қаржы университетінің ғалымы Валентина Диденконың пікірінше, мұндай жағдайда азаматтар өз міндеттемелеріне жауапкершілік алуға бекінетін көрінеді. Өйткені елдегі орталық банк мөлшерлемені көтерген кезде несиелер қымбаттап, депозит тартымдырақ бола түспек. Бұл азаматтарды көбірек жинақ жасауға, қарызды аз алуға итермелейді. Сонымен қатар мұндай жағдайда банктер де қарыз алушыға қоятын талапты күшейтіп, лимиттерді қысқартып, борыш жүктемесін ұқыпты бағалайды.
«Орталық банк мөлшерлемені көтерген кезде несие қымбаттайды, ал депозиттің тартымдылығы артады. Мұндай жағдайда азаматтар ақшаны көбірек жинауға, ал банктер қарыз алушыны мұқият тексеруге көшеді. Соның нәтижесінде тұтынушы да кез келген пайызбен несие ала салмай, өз мүмкіндігін таразылай бастайды», – дейді Валентина Диденко.
Оның айтуынша, жоғары мөлшерлеме ұзақ мерзімде адамдарды үйде ақша сақтағаннан гөрі банкке жинақтауға үйретеді және несиені жауапкершілікпен алу мәдениетін күшейтеді.
коллаж: Елдар ҚАБА
Бірақ бұл тұжырымның да бір шегі бар. Мұндай мінез-құлық өзгерісі табысы тұрақты, жинақ жасауға шамасы келетін орта тапқа көбірек тән. Ал күнкөріс табысы әрең жететін отбасылар үшін «жинақ жасауға көшу» теория жүзінде әдемі көрінгенімен, іс жүзінде қолжетімсіз. Адам ай сайын артығымен ақша қалдыра алмаса, депозиттің тиімділігі оны құтқармайды. Мұндай отбасы үшін мәселе несиеге көзқараста емес, қаражаттың жетіспеуінде.
2027 жылдан кейін не болуы мүмкін?
Алда енгізілетін шектеулердің бірнеше ықтимал салдары бар. Біріншіден, кепілсіз тұтынушылық несие одан әрі қысқаруы мүмкін. Онсыз да 2025 жылы өтінімдер азайып, 2026 жылдың алғашқы екі айында жаңа берілім көлемі 5,9 пайызға төмендеген. Егер қосымша талаптар енгізілсе, бұл сегментте сұраныс тіпті қатты сығылуы ықтимал.
Екіншіден, халықтың бір бөлігі қамтамасыз етілген өнімдерге ауысуы мүмкін. Мұның нышаны былтыр-ақ байқалды: ипотекаға өтінім – 9,2 пайызға, автонесиеге – 41,8 пайызға, кепіл қойып алынатын тұтынушылық қарызға 77,1 пайызға өскен.
Демек, нарық қазірдің өзінде «қауіпсіз» қарыздарға ығысып барады. Бұл банктер үшін тиімділеу, бірақ халық үшін мүлікті тәуекелге тігу деген сөз.
Кәмила ДҮЙСЕН