Ұлттық ұлан – өңірлік экономикалық саммиттің қауіпсіздік қалқаны

22–24 сәуір аралығында өтетін өңірлік экономикалық саммиттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жүктелді.

Таң рауаны атысымен сап түзеген сарбаздар әскери бөлім командирінен нақты бұйрық алып, қызметке кірісті. Бұл күн – жай ғана кезекшілік емес, ел абыройы мен халықаралық деңгейдегі бедел сыналатын маңызды сәт. 22–24 сәуір аралығында өтетін өңірлік экономикалық саммиттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жүктелді.

Ауқымды іс-шара барысында жалпы 1 500-ге жуық сарбаз қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Олардың қатарында Қарағанды қаласынан келген жауынгерлер де бар.

Қаладағы стратегиялық нысандар, саммит өтетін алаң мен қонақтардың қозғалыс бағыттары толық бақылауға алынды. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, әрбір әскери қызметшіге нақты міндет жүктелді. Қырағылық пен тәртіп – бұл күннің басты талабы.

Жиынға бірқатар мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Осыған байланысты қауіпсіздік талаптары халықаралық стандарттарға сай күшейтілген режимде ұйымдастырылды.

Батальон штаб бастығы, капитан Бағлан Татей өз сөзінде: «Бізге артылған сенім – ел сенімі. Әрбір жауынгер өз орнында мінсіз қызмет атқаруы тиіс. Саммиттің қауіпсіз өтуі – біздің кәсібилігіміз бен тәртібіміздің көрсеткіші. Жеке құрам толық дайындықта, моральдық-психологиялық жағдай жоғары деңгейде», – деп атап өтті.

Қатардағы жауынгер Дінмұхаммед Айтбаев үшін бұл – үлкен жауапкершілік:
«Мұндай ауқымды халықаралық іс-шарада қызмет атқару – әр сарбаз үшін үлкен сенім. Біз әрдайым қырағы болуға, халықтың тыныштығын қорғауға дайынбыз. Бұл – біздің борышымыз», – деді ол.

Саммит барысында Ұлттық ұлан сарбаздары жоғары кәсібилік пен тәртіптің үлгісін көрсетіп, қоғамдық қауіпсіздікті сенімді қамтамасыз етуде. Осылайша, олар ел тыныштығының шынайы қалқанына айналып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда.

Айгерім Балтабаева,  5573 әскери бөлімінің тілшісі, лейтенант 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.