Астаналық тұрғындар балаларының әскери дайындыққа қатысып, келешегін әскери саламен байланыстырғанына қарсы емес. Олар бұл туралы Астанадағы 22750 әскери бөлімінде Бірыңғай ашық есік күнінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері арнайы операция күштерінің 22750 әскери бөлімінің командирі, Тәрбие және идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, майор Берік Төлепов әр әскери бөлімге Қорғаныс министрлігі бұйрығымен біраз білім ордасы бекітіліп, 2-3 мектеппен тығыз жұмыс істейтінін сөз еткен. Нақты айтсақ, елордадағы №13 жалпы орта білім беру мектебінде үлгі ретінде кадет сыныбы ашылған. Ата-аналар жас жеткіншектерді әскери тәртіп пен талап қалай тәрбиелеп жатқаны жайлы пікірін білдірді.
– Алғаш мектепте кадет сыныбы ашылады, соған балаларымыз оқитын сыныптың таңдалатынын естігенде ешбір ата-ана қарсылық білдірмеді. Міне, содан бері байқағанымыз, балалар тек жақсы жаққа өзгерді. Өзгенің емес, өз қызымнан бастайын... Бойында жинақылық пайда болып, шапшаң қозғалатын болды. Уақытпен жүріп, кешігіп, ұйықтап қалу дегенді ұмытты. Сапта тұру басталғанда одан қалғысы келмейді. Өзінің таңдауы ғой, кейін әскери саланы таңдаса да қарсы емеспіз.
Оның үстіне, сыныптың сабақ үлгерімі де жақсарды. «Сабақты нашар оқыса кадет сыныбынан алынады» дегелі тіптен, оқуға көңіл бөле бастады, – деді Анара Жүнісова.
Бір емес екі қызын да кадет сыныбына берген ана Гүлмира Есімбекова балаларының тағдырына алаңдамайтынын жеткізді.
Айтуынша, оның үлкен қызы Жанель – кадет сыныбының алғашқы түлегі. Қазір ол 9-сыныпты бітіріп, архитектура колледжінде оқиды. Оның әскери тәртіпте тәрбиеленуі оны дициплинаға үйретіп, физикалық тұрғыда шынығуына көмектескен.
– Олардың әр күні сабақ, одан кейін дайындық, кешке бассейні бар, артынан үй тапсырмасын орындайды. Еркінсіп жүріп, көше кезуіне уақыт жоқ. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелек сонда жүреді» дегендей кіші қызым әпкесінен қызығып, бұған бел сыбана кірісті. Өйткені қызым 6-сыныптан әскери прокурор болуды армандайды. Қыздарымыздың әскери салаға баратынын қабылдадық. Шынымды айтайын, оларды әскери ортаға беруге қорықпадым. Әрбір қыз өз-өзіне тұра алуы тиіс. Мен олардың мықты болғанын қаладым.
Екіншіден, енді олардың болашағына алаңдамаймыз. Себебі мұндағы тәртіп пен талап сенімділік сыйлайды. Үй ішімізде «тұрғым келмейді, барғым келмейді» деген дүние жоқ. Қазір қыздарымыз өзімізді тәрбиелей бастады, – деді Гүлмира Есімбекова.
Ал енді бір ана әскери ортада баласына барлық жағдай жасалғанына көз жеткенін айтты.
– Әскери бөлімдерге барып, ондағы тірлікпен танысу мүмкіндігін қалай жібереміз. Ұлымның қайда жүргенін, немен айналысатынын көргім келді. Басында «ұлым «Айбын» сайысына қатысамын» дегенінде, оны жіберуге қорықтым. Оның көңілін қалдырып, бетін қайтарғым келмеді, содан «Айбынға» қатысуына келістім. Дайындығы басталғанда оның балама оң әсер ете бастағанын байқадым. Ұлым есейді, өзінің әр ісіне жауапкершілігін сезіне бастады. Өз дайындығын да жібермейді. Оларға бүкіл жағдай жасалыпты. Ал бүгінгі кездесу оның осы жолды таңдағанына қателеспегенін көрсетті, – дейді Айсұлу Есімова.