Қазақстан бокстан Бразилиядағы әлем кубогын жеңіспен бастады

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасынан бес боксшы шаршы алаңға шықты.

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан әлем кубогының кезеңі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасынан бес боксшы шаршы алаңға шықты.

54 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай 1/16 финалда Түркия өкілі Айшен Ташкынды сенімді түрде жеңді.

Сондай-ақ 70 келіге дейінгі салмақта Фарух Тоқтасынов та 1/16 финалда жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында екі рет нокдаунға түскеніне қарамастан, төрешілердің шешімімен (3:2) ирландиялық Джон Макконеллдан басым түсті.

80 келіге дейінгі салмақта Диас Молжігітов 1/8 финалға жолдама алды. Ол жапониялық Кай Ториабені мерзімінен бұрын жеңді. Жекпе-жек екінші раундта аяқталды.

Ал Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі жарысты ерте аяқтады.

60 келіге дейінгі салмақта Жансері Көшербаев ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберді.

90 келіге дейінгі салмақта Дәулет Төлемісов бразилиялық Исаиас Фильоға жол берді.