Ормуздағы шиеленіс: Иран мен АҚШ келіссөздері қайта жандануы ықтимал

Бұған дейін Иран тарапы келіссөздердің екінші кезеңіне қатысуын созып келген.

Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Моджтаба Хаменеи АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыруға рұқсат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Axios басылымы хабарлады.

Бұған дейін Иран тарапы келіссөздердің екінші кезеңіне қатысуын созып келген. Оған Ислам революциясы сақшылары корпусы тарапынан көрсетілген қысым себеп болған. Олар АҚШ Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастамайынша келіссөздерден бас тартуды талап еткен.

Сонымен қатар Пәкістан, Мысыр және Түркия елдері Иранды келіссөздерден шықпауға шақырған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегераннан жауап күтіп, уақытша бітімді ұзартпайтынын айтқанымен, оны бір күнге созды. Енді бітім 22 сәуір кешінде аяқталады. Трамп Иранмен «әділ келісімге» қол жеткізілетініне үміт білдіріп, оның нәтижесінде елде ядролық қару болмайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 11–12 сәуірде өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нәтиже бермеген. Иран тарапы бұған АҚШ-тың «шектен тыс талаптары» мен ұстанымдарының жиі өзгеруін себеп ретінде атады. Сондай-ақ Тегеран АҚШ-ты Қытайдан шыққан сауда кемесіне жасалған шабуыл арқылы бітімді бұзды деп айыптады.

Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф елдің қысым жағдайында келіссөз жүргізбейтінін айтып, Трампты «келіссөзді капитуляция алаңына айналдыруға тырысты» деп сынға алды.