«Бағымды ашқан ән үшін рақмет!»: Алтынай Жорабаева Мұхтар Шахановқа арнап жантебірентер жазба жариялады (видео)

Өнер иесі ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, халыққа танылғанын айтты.

Әнші Алтынай Жорабаева әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.

Өнер иесі ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, халыққа танылғанын айтты. Сонымен қатар сол әндер өзінің өнердегі төлқұжатына айналғанын жеткізіп, ақынға керемет туындылары үшін алғыс білдірді.

«Қазақ өлеңінен бір дәуір озды… Аңыз адам, ақиық ақын, ардақты аға өмірден озды… Сіз елдің ұлы, елдің ақыны болдыңыз… Ұлтыңыз сүйді… Артыңызда өшпес, өлмес өлеңдеріңіз қалды. Сіздің өлеңдеріңізбен өстік, сізбен бірге армандадық, сүйдік, сағындық, ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдеріміз сіздің жырларыңызбен бірге оянды… Менің ән өнеріндегі төлқұжатыма айналған, әншілік бағымды ашқан “Өмір-өзен” үшін, “Жұбайлар жыры” үшін мың рақмет. Шәмші ағамызбен бірге жазған шедеврлеріңіз әлі талай жүректі әнге бөлейтіні, жырға бөлейтіні хақ! Жаныңыз жәннатта болсын! Бақұл болыңыз аға!» - деп жазды әнші.

Айта кетейік, бүгін халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановты Алматыда ақтық сапарға шығарып салды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.