«Tottenham Hotspur» клубының бұрынғы директоры Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметіне ұсынылды

Оның жетекшілігімен клуб 2024/25 маусымында УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанып, Карабао кубогының жартылай финалына жетті.

Қазақстан футбол федерациясы Жарғысының 127-тармағына сәйкес, ҚФФ Президенті Марат Омаров Скотт Муннның кандидатурасын ҚФФ Атқарушы комитетінің қарауына және бас хатшы қызметіне тағайындау үшін бекітуге ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Скотт Мунн — Англия Премьер-лигасында және Еуропа, Азия мен Аустралияның жетекші футбол нарықтарында 20 жылдан астам тәжірибесі бар әлемдегі беделді футбол менеджерлерінің бірі. 2023–2025 жылдары ол Tottenham Hotspur клубында футбол жөніндегі директор қызметін атқарып, академияны, ерлер және әйелдер командаларын қоса алғанда, клубтың футбол қызметіне басшылық жасады. 

Оның жетекшілігімен клуб 2024/25 маусымында УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанып, Карабао кубогының жартылай финалына жетті. 

Tottenham Hotspur клубына келгенге дейін Скотт Мунн Қытайдағы City Football Group компаниясының бас директоры және «Сычуань Цзюньню» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы болған. 

Ол Қытай футбол қауымдастығын реформалау жөніндегі жұмыс тобына қатысқан жалғыз батыстық өкіл болып, қызметі барысында клубтың елдегі ең ірі демеушілік портфелін қалыптастыруға үлес қосты. Бұған дейін Скотт Мунн Melbourne City FC клубының алғашқы бас директоры болды. 

Ол клубтың іргетасын қалап, 100 қызметкер мен ойыншыдан тұратын ұжым жасақтады. Etihad Airways, Nike және Westpac сияқты демеушілерді тартып, құны 20 миллион доллар болатын жаттығу базасының құрылысын қамтамасыз етті. 

Сондай-ақ клуб мүшелерінің санын 13 500 адамға дейін жеткізді. Оның басшылығымен клуб төрт маусым қатарынан A-лиганың плей-офф кезеңіне шығып, FFA кубогын жеңіп алды және әйелдер арасындағы W-League чемпионатында үш рет қатарынан чемпион атанды. 

Сонымен қатар ол клубтың City Football Group құрамына кіруі бойынша стратегиялық мәмілені ұйымдастырды. Аталған кандидатура бекітілген жағдайда, Қазақстан футболы тарихындағы халықаралық деңгейі жоғары басшының тағайындалуы болмақ. 

Бұл ҚФФ-ның әлемнің жетекші футбол федерацияларының стандарттарына сай болуға ұмтылысын көрсетеді. Кандидатура белгіленген тәртіпке сәйкес Атқарушы комитеттің алдағы отырысында қаралатын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.