Тарихымыз бен тамырымыз – ортақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ша­қыру­ымен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух Аста­наға мемлекеттік сапармен келді.

Осылайша, ара­ға жиырма жылдай уақыт салып Моңғолия бас­шысы қазақ жеріне ат басын бұрды. Ақордада мей­ман­ды салтанатты қарсы алу шарасы өтіп, оның соңы кез­десулер мен келіссөздерге ұласты. Келіссөздер бары­сында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.

Ақордада  өткен салтанатты қарсы алу рә­сімінен соң Қазақстан мен Моңғолия пре­­зиденттері шағын құрамда келіссөз жүр­гізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ухнаагийн Хурэлсухтың сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халық­тар­дың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ға­сырлар бойы іргесі бөлінбеген көр­ші­лер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұр­пы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құн­ды­лық­тарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ық­­палдастығымыз стратегиялық се­рік­тес­тік рухында дамуда. Мемлекетаралық, пар­ламентаралық және үкіметаралық бай­ланыстарымыз нығаюда. Құрметті Пре­зидент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары ба­ғалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің ар­қасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс бо­лып жатыр. Былтыр еліңіздің эко­но­ми­касы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің са­лиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөз­сіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақ­сарту үшін маңызды бастамаларды жү­зеге асырдыңыз. Моңғолияда мем­ле­кет­ті дамытуға арналған «Vision-2050» ке­шенді жоспары қолға алынғанын біле­міз. Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қа­ла салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жо­балардың табысты болуына тілек­тес­піз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетісті­гі­не қуанамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Моңғолия Президенті елімізде дәс­түр­лі қонақжайлық танытып, құрмет көр­сеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына ризашылық білдірді.

– Араға жиырма жыл салып Қа­зақ­стан­ға мемлекеттік сапармен келгеніме қуаныштымын. Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қа­ты­настарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екі­жақ­ты байланыстар тарихына алтын әріп­пен жазылатыны сөзсіз. Құрметті Пре­зидент мырза, Сіздің көреген, пара­сат­ты және жоғары кәсіби басшы­лы­ғыңыз­дың арқасында Қазақстан эконо­ми­калық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жі­ті бақылап отыр. 2024 жылғы Моң­ғо­лия­ға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңыз­ды құжат қабылданады, – деді Ухнаагийн Хурэлсух.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңей­тілген құрамда жалғасты.

Тараптар екі елдің сан қырлы ынты­мақ­тастығы достық пен өзара қолдау ру­хында дамып келе жатқанына назар аударды. Президент шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен кел­гені және Аймақтық экологиялық сам­митке қатысуға ниет білдіргені үшін Моң­ғолия Президентіне алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін, ал екіжақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

– Сауда-экономикалық ынтымақтас­тығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістік бар. Тауар айналымы жылдан-жылға ар­тып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компания қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан. 

Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух бұл сапар нәтижесінде қос халықтың достығы мен сан қырлы ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдіріп, Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы ал­ғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.

 – Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндетті қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады. Өзара серіктестік әлеуеті зор. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу, – деді Моңғолия Президенті.

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл тарихи уақиға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға негіз болатынына сенім білдірді.

Келіссөз барысында тараптар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен, туризм, көлік-логистика, өңіраралық байланыс бағыттарындағы өзара тиімді серіктестік перспективасын талқылады.

Мемлекеттер басшылары бұл ретте Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашу, екі ел арасында төте автокөлік жолын салу мәселесін пысықтау мақсатында Үкіметаралық жұмыс тобын құрудың маңызына мән берді.

Қазақстан Президенті Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуға көрсеткен қолдауы үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты. Бұдан бөлек, кездесуде екі елдің білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастығын ілгерілету мәселесі қарастырылды.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері оннан астам  құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, олардың арасында Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары, Астана және Алатау қалалары әкімдіктері мен Моңғолияның Қарақорым  қаласы әкімдігінің  өзара түсіністік туралы меморандум қатарлы құжаттар бар. Одан бөлек,  медиа, ғылым салаларындағы ынтымақтастықты тереңдеуге бағытталған құжаттар рәсімделді. 

Қос елдің Президенттері  құжаттарға қол қою рәсімінен соң БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев  Моңғолияны аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ретінде атап, Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың елімізге сапарына айрықша мән беріп отырғанын айтты.

– Біздің тарихымыз бен тамырымыз – ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен «киіз үйлер» мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы – үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Соңғы жыл­дары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатыр. Осыдан бір жарым жыл бұ­рын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Қадірлі Президент Ухнаагийн Хурэлсух мырзаның және барша моңғол халқының ықылас-ілтипатын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Сол сапар барысында Cтратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мыңжылдық бауырластығымызды біржола бекіте түскен тарихи құжат. Қа­зіргі таңда екі елдің парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хурэлсухтың бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты нығайта түсері анық, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынас­тың барлық бағыты бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізген.

– Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ық­пал­дастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Мұны, шын мәнінде, бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ бұл моңғол елінің қазақ халқына деген ізгі ниеті мен шынайы достық көңілінің айқын көрінісі екені сөзсіз. Біз бұл шешімді жоғары бағалаймыз. Осы орайда мен Президент Хурэлсух мырзаға зор алғысымды айтқым келеді. Жалпы, сапар барысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Бүгін жасалған келісімдер екі елдің алыс-берісін жандандыра түсетіні сөзсіз. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 130 миллион доллар болып, 7,7 пайызға өсті. Елдеріміздің экономикалық әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндігіміз бар. Осы орайда алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, сауда-саттықтағы тауар түрін кеңейтуіміз керек. Экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді барынша азайту қажет. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанның сауда миссиясы Моңғолияға арнайы сапармен барды. Онда экономикалық байланыстарды әртараптандыруға қатысты маңызды ұсыныстар жасалды. Біз былтыр Еуразия экономикалық одағы мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификацияладық. Бұл құжат елдеріміз үшін көптеген тың мүмкіндікке жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөз барысында көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілген.

– Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақытылы орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады. Баршаңызға мәлім, мен былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Саммитінде «Трансалтай сұхбат алаңын» құруды ұсындым. Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар. Осы ретте төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, «Алтай» бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір «Алматы – Ұлан-Батыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұлан-Батыр» әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде «Өскемен – Өлгей» бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан әрі нығайып, ай­мақаралық байланыстарымыз тың сер­пінмен дами түсері сөзсіз. Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.

– Екі ел де – табиғи байлығы мол мем­лекеттер. Тау-кен саласында, соның ішін­де геологиялық барлау және жер қой­науын игеру ісінде Қазақстанның тәжірибесі мол. Қос тарап осы бағытта бірлесе күш жұмылдыруға дайын. Елдеріміз ауыл шаруашылығына, әсіресе, мал шаруа­шылығына айрықша мән береді. Қазіргі заманда мал өнімдерінің халықаралық стандарттарға сай әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Қазақстанда мал ауруына қарсы тиімді вакцина өндірісі жолға қойылған. Біз еліміздің вакциналарын Моңғолияға жеткізу, болашақта бірлескен өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Моңғолияның жерді ғарыштан бақылайтын жүйе құру бастамасына қолғабыс етуге дайынбыз. Осы салаға қажетті білікті мамандарды да даярлауға болады. Қазақстан цифрлық даму мәселесіне айрықша назар аударады. Бұл – еліміздің болашағын, жаһандық бәсекедегі орнын айқындайтын стратегиялық сала. Бүгін Хурэлсух мырза Alem.AI халықаралық орталығына және «Ақылды қаланы» басқару орталығына» барады. Жалпы цифрландыру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға екі тарап та мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан мен Моңғолия президенттері мәдени-гуманитарлық байланысты талқылаған.

– Былтыр Астанада өткен Silk Way Star халықаралық вокалдық конкурсында Моңғолияның Мишель атты әншісі бірінші орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мұндай жобалар халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын бекемдейтіні сөзсіз. Сондай-ақ елдеріміздің білім-ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мол мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жыл сайын моңғол азаматтарына білім гранттарын бөліп келе жатқанына назар аударды.

– Біз грант санын көбейтіп, Моңғолияға қажетті мамандар дайындау ісіне атсалысуға әзірміз. Биыл Моңғолияда Study in Kazakhstan білім жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар біз Ұлан-Батыр қаласында Қазақстанның іргелі университетінің филиалын ашуды ұсындық. Бұған қоса, екі елдің қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келістік. Бұл шаралар елдеріміздің достығын бекемдеуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге жол ашады. Осы жұмысты жалғастыра беру маңызды деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары өте нәтижелі өтіп жатқанын айтты.

– Қазақстан мен Моңғолияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдары  ұқсас. Ертең өтетін Экологиялық саммит – соның айқын көрінісі. Біз Моңғолиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлеміз. Халықаралық ұйымдар аясында біз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Бұл елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және өзара сенімінің нақты көрінісі екені анық. Мен мұны жоғары бағалаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Ухнаагийн Хурэлсух бүгінгі келіссөздерге жоғары баға берді.

– Құрметті Президент, біз Сіздің Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен іс-қимыл жоспары нәтижелі жүзеге асып, екі елдің игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың дос­тығы ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, стратегиялық әріптестігіміз бен ықпалдастығымыз мәңгі жасай берсін! – деді Моңғолия Президенті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы тарихи сапар аясында марапаттау рәсімін өткізу қазақ тарапы үшін зор мәртебе екенін атап өтті.

– Біз Сізді өз халқын алға бастап келе жатқан парасатты, білікті, ірі саясаткер деп білеміз, сыйлаймыз. Моңғолияны көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз өсіп-өркендеп келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Моңғолияның экономикасы дамып, халқыңыздың әл-ауқаты жақсарды. Сонымен қатар еліңіздің аймақтағы және әлемдегі беделі арта түсті. Сіздің басшылығыңызбен моңғол жұрты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасында шынайы достық пен өзара құрметке негізделген қарым-қатынас орнағанына тоқталды.

– Сіз Моңғолия Үкіметін басқарған кезде екі елдің экономикалық ынтымақтастығын дамытуға тікелей атсалысқан едіңіз. Енді, міне, Мемлекет басшысы ретінде бұл бағыттағы жұмысты жаңа қарқынмен жалғастырып келесіз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-моңғол байланысы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бүгін қол жеткізілген маңызды келісімдер дос­тығымызды одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз. Қазіргі алмағайып, дүбірлі кезеңде осы ықпалдастығымызды күшейтудің мәні айрықша. Бұған барлығымыз да мүдделіміз. Сіз қазақ-моңғол қарым-қатынасын нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Осыған орай мен Өзіңізді Қазақстан Рес­публикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – барша қазақ халқының Сізге және бауырлас моңғол жұртына деген ерекше құрметінің белгісі. Қазақстан мен Моңғолияның достығы мәңгі болсын, – деді Мемлекет басшысы.

Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары марапат тапсырғаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен дос­тық қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында барынша күш-жігер жұмсауға дайын екенін жеткізді.