Ауқымды басқосуға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов келді. Сонымен қатар саммитке БҰҰ агенттіктерінің, жетекші халықаралық ұйымдардың және қаржы институттарының өкілдері қатысып жатыр.
Диалог алаңының мақсаты – экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру әрі бірлесе пайдалану бойынша кешенді саясат пен тетіктерді қалыптастыру, Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау. Саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараның мән-маңызын айрықша атап өтті.
– Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі беталысы беймәлім, аумалы-төкпелі кезеңнің зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына ауыр тиіп тұр. Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев геосаясат пен экологияның байланысын да ашып көрсетті.
– Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Атап айтқанда: су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару; шөлейттену; мұздықтардың еруі; ауаның ластануы; биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін, – деді Президент.
Жаһандық мәселелерден еліміздегі нақты шараларға ойысқан Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл мәселеге заңнамалық деңгейде айрықша мән беретінін мәлімдеді. Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалғанын айтты. Яғни, біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы деп қарастырылады. Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның экологиялық таза энергия өндірісіне көшу, биоалуантүрлілікті қорғау, тозған жерлерді қалпына келтіру, су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру, су үнемдеу саясатын енгізу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытында бірқатар шараларды қолға алғанын тізіп өтті. Дегенмен ешбір ел жалғыз жортып табысқа жете алмайтыны хақ. Сондықтан Президент аймақтық және әлемдік деңгейде күш жұмылдыруға баса мән берілетінін, бұл міндет нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындалатынын тілге тиек етті. Мұндағы негізгі басымдық – әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу. Еліміздің энергетикалық әлеуеті мен су қауіпсіздігі туралы Мемлекет басшысы нақты сандарды алға тартты.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз. Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды. Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды. Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді. Бүгінде Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Су тақырыбын әрі қарай өрбіткен Мемлекет басшысы Каспий теңізінің тағдырына да алаңдаушылық білдірді. Теңіз айдынын қорғаудың аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызды екенін ескертті.
– Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берген. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейген. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жеткен. Еліміз халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың: мысалы, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кіріскен. Орман алқаптарын ұлғайту да Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналған. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш егілген.
– Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына бастамашы болдық. Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру. Қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылды. Менің ойымша, олар – Қазақстанның нағыз патриоттары. Өйткені дәл осылай еңбек етіп, ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың ғана қолынан келетін ізгі іс. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Тұрақты даму мүддесіне сай келетін бұл бастаманы толық қолдаймыз. Еліміздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке айрықша мән беріліп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылған, – деді Президент.
Жаңа технология бағытына да тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын айтты. Президент жасанды интеллект көмегінсіз экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес деп есептейді. Өйткені ол табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық басқаруды жетілдіру ісінде мол мүмкіндікке жол ашады. Сол себепті Қазақстан аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын қолдауға қашан да дайын.
– Таразы басында адамзаттың, ең алдымен, өскелең ұрпақтың болашағы тұр. Бұл – жай ғана экологиялық мақсат емес, керісінше, адами парыз, экономикалық қажеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы стратегиялық басымдық. Осы орайда орнықты келешек қалыптастыруда мынадай негізгі қағидаттарға арқа сүйеген жөн: халқымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік; шекара мен шектеуге бөлінбейтін ынтымақтастық; ресурстарға, технологиялар мен мүмкіндіктерге теңдей қол жеткізетін әділеттілік; нәтижесі көзге көрінетін нақты шаралар; ауқымы мен даму деңгейіне қарамастан елдер арасындағы бірлік. Саммит барысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы және бірқатар маңызды келісім қабылданады. Бұл біздің аталған қағидаттарды берік ұстанатынымызды және аймақтық экологиялық серіктестікті нығайтуға қадам басқанымызды дәлелдейді.
Бүгінгі талқылаулардың мазмұнды әрі бірлескен нақты бастамаларға негіз болатынына сенімдімін. Осылайша, халықтарымыздың игілігіне қызмет ететін баянды болашақтың іргесін қалаймыз, – деп сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы жиын жұмысына табыс тіледі.