Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясымен байланысты одан әрі кеңейту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық қарым-қатынастарды арттыру, заң шығару тәжірибесімен алмасу, инклюзивті диалогты нығайту және экологиялық күн тәртібін бірлесіп ілгерілету мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ осы бағыттағы басымдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру мәселесіне ерекше мән берілді.
«Қазіргі үрдістерге байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың БҰҰ аясында халықаралық ұйым құру жөніндегі бастамасы айрықша маңызға ие. Мұндай қадам күш-жігерді біріктіруге, функциялардың қайталанбауына және су мәселесін халықаралық қоғамдастықтың басты назарындағы бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясын аталған бастаманы қолдауға және су ресурстарын басқару мәселелері бойынша диалогты белсенді ілгерілетуге шақырамыз. Қазақстан Парламентінің депутаттары Өңірлік экологиялық саммиттің ұсынымдары Ассамблеяның күн тәртібінде нақты көрініс тауып, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуі үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қазақстан ЕҚЫҰ-ны халықаралық қауіпсіздік пен жаһандық ынтымақтастық саласында тиімді шешімдер қабылдауға серпін беретін маңызды көпжақты тетік ретінде қарастыратынын тілге тиек етті.
«Қазақстан үшін ЕҚЫҰ халықаралық қауіпсіздікті нығайту және өңірлік дағдарыстарды еңсеру мәселелерінде маңызды институт болып қала береді. Халықаралық шиеленіс артып отырған бүгінгі жағдайда Қазақстан Хельсинки қағидаттарын берік сақтайды. Біз Ұйым институттарымен және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесімен қауіпсіздіктің үш негізгі бағыты бойынша тығыз өзара іс-қимылды жалғастырып келеміз. Бұл біздің сындарлы серіктестікке бейіл екенімізді растайды», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ел Парламенті атқарып отырған жұмыс кеңінен сөз болды.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА Төрағасы елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың қарқынына оң баға беріп, алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.
Бұдан басқа, тараптар «Климаттық сын-қатерлерді еңсеру және орнықты даму жолындағы Парламенттік дипломатия: Орталық Азияның келешегі» тақырыбына арналған дөңгелек үстелдің негізгі мәселелерін талқылады. Мәулен Әшімбаев форум идеяларына қолдау білдіргені үшін делегаттарға алғыс білдірді және сенатор Айнұр Арғынбекованың Климаттың өзгеруі жөніндегі арнайы өкіл болып тағайындалғанына назар аударды.