Қайбір жылдары қоғамда «балаларға кітап оқыту қиын», «жастар кітап оқымайды» деген сияқты пікірді жиі еститінбіз. Соңғы уақытта керісінше, кітап оқу сәнге айналған сияқты әсер қалдырады. Әрине, бұл жерде «сәнге айналды» дегенді кең мағынасында алып отырмыз. Әйтпесе, елдің бәрі әдеби кітап оқымайтыны белгілі жайт қой. Әйтсе де, қоғамдағы кітап оқу тенденциясының ақын-жазушыларға да оң ықпал еткенін айтуымыз керек. Әсіресе, ақын-жазушылардың кітаптарының әлеуметтік желілерде біршама жарнамалануы – қоғамда әдеби кітап оқуға деген ықыласты оятып жатқанын байқаймыз. Одан бөлек, қаламгер қауымымен кездесу ұйымдастырып, кітабын талқылап отыратын кітапханалар мен кітап клубтары да бүгінгі оқырманның әдеби кітаптарға деген қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Соңғы жылдар бедерінде әдебиетіміздің бәсін биіктеткен тағы бір фактор – әдеби байқаулардың көбейіп келе жатқаны. Оның ішінде бәйге алған шығармаларға берілетін сыйақының да қомақты бола түсуі ақын-жазушылардың танылуға, сыйақыны жеңіп алуға деген шабытын оятатыны түсінікті. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде мемлекет қаржыландыратын «Айбоз» ұлттық сыйлығының, меценаттар қаржыландыратын Mecenat.kz, «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқаулары онсыз да мықты, мойындалған жазушылармен бірге алғашқы қалам сілтесімен-ақ ерекшелене білген жас таланттарды да танытып жатыр.
Мысалы, биыл ғана өткізілген «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауына 3 мың өтінім түскен. Одан 220 шығарманы сұрыптап алған. Ең соңында оза шапқан 7 жүлдегердің әрқайсысына 3 млн теңгеден сыйақы берілді. Олар – Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама», Думан Рамазанның «Сынақ», Асқар Алтайдың «Каскат», Мұрат Алмасбектің «Екі жағалау», Қуат Бораштың «Тәубе», Нұржан Қуантайұлының «Опасыз ойын», Айым Ақылтайдың «Қарыз» романдары. Ал осы байқауда жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжал» романы бас бәйгені, яғни 15 млн теңгенің сыйақысын жеңіп алды. Роман байқауына Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов демеушілік жасаса, идея авторы – Арман Сқабылұлы, ұйымдастыру тобының жетекшісі – Қайнар Олжай. Бұл жердегі жаңа есім – Айым Ақылтай болса, былтыр Mecenat.kz байқауы жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» романының бағын ашқан еді. Сол романы арқылы жас жазушы енді өмір бойы ай сайын 500 доллардан алып тұрады.
Бүгінгінің оқырманы – әлеуметтік желіде отыратын адам. Сондықтан әдеби кітапты оқытудың ең төте жолы – оны жарнамалау. Ақын-жазушының өзі «менің кітабым – керемет» демесі анық. Бірақ кітапты оқыған адамдардың пікірі сол кітаптың танылуына, әрі қарай да басқа оқырманның қолына тиюіне, бірнеше рет басылуына жол ашып жатыр. Одан бөлек, кейбір кітаптардың аудионұсқаларының болуы, онлайн оқылымға шығуы, мерзімді басылымдарға ол туралы аға буын танымал қаламгерлердің толымды пікір жазуы да кітаптың бағын ашуға септігін тигізуде десек, қателеспейтін шығармыз. Төменде соңғы жылдары баспадан шығып, кейбіреуі оқырман тарапынан жылы қабылданған, кейбіреуі бірнеше рет қайта басылған, кейбіреуі ерекше жазу стилімен тартымды бірнеше кітапты атап өттік.
«Жүз жетінші көктем» – әдеби ортаны жалт қаратқан кітап. Образды ойлау, соны теңеу, болмыс-бітімі басқаша кейіпкерлер, жұмбақ тағдырлар... Жалғыз кітабымен өзіне ескерткіш қойып кеткен Ғалымбек Елубайдың шығармашылығы туралы жазушы Айгүл Кемелбаева «Тірісінде айтылмаған сөз» деген тақырыппен көлемді мақала жазды. Сонда мынадай жолдар бар: «Елубайдың Ғалымбегі Алтай адамдарын анық бейнелеп кеткен екен. Типаждық бейнелерден көз арбайды. Ол адам психологиясын, болмыс-бітімін бір сөйлемге сыйдыра салады. Әр әңгімесі бір-бір тағдырды жоқтайды. Ғалымбек Елубай жазуында қыстығу мен өксік бар. Ішін өртеп бара жатқан қайғы-шерін, наласын шығармалары арқылы шығарады».
«Дардай» романы. Ақын, жазушы Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағынан» кейінгі прозалық шығармасы әлеуметтік желіде көп талқыланды, оқырман тарапынан көп жылы пікір айтылды. Сондай пікір иесінің бірі – жазушы Дәурен Қуат. «Дардай – дардай болған соң, оның кейпі, түр-тұлғасы «кішкентай адамдар» өріп жүрген бүгінгі шығармалардағы кейіпкерлерге ұқсамауы керек. Дардайдың бойы – 81 метр. Неге 81 метр? ... 81 – құпия цифр. Құпия сан. Бұл, бәлкім, екі тоғыздың еселенген квадраттық мәні болуы мүмкін. Бәлкім, қасиетті Құран аяттарынан алынған сүрелердің реттік саны ма екен?», – дейді ол.
«Дайағашшы» – ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының осы күнге дейін 11 рет жарық көріп, бестселлерге айналған кітабы. Бұл заманда бір автордың кітабы осынша рет қайта басылып шығуы – үлкен жетістік. Оқырманның сұранысына, талғамына жауап беріп жүрген кітап қаламгерлер тарапынан да жоғары бағаланған. «Мына «Дайағашшыны» оқығанда, әуелде бір күн, бір түн кетіп еді, артынан ұзақ таңға созып оқыдым. Осындағы көзге көрінбейтін кейіпкер менің өзім сияқты әсер қалдырды. Жас жігіттің өмірде кездескен, содан түйген пікірлері маған қатты әсер етті. Иненің жасуындай кішкентай нәрседен өмірдің жібін сабақтап өткізеді екен. Мұнда біз ұмытқан өмірдің тамыры бар. Осы бағыттағы жаңа бір прозаның қалтанағы көрінеді». Бұл – жазушы Тұрсын Жұртбайдың пікірі.
«Жошы хан» романы. Романның құндылығы авторы ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының сол дәуірге қатысты жазылған, ең сенімді деген дереккөздерін пайдалана отырып, оқиғалар өрісін шынайы фактілермен түйіндеуге тырысуында. Таңғұт, шүршіт соғыстары, ғалам тарихында елеулі орны бар Хорезм жорықтары жыл-айы, шайқас орындары, адам аттары сол қалпымен көркем тілде хатқа түсірілген. Жошы ханның Үргеніш түбіндегі ауыр шайқастан кейін Хорезм жорығынан қайтып, Ұлытауға келіп ірге тебуі, Жошы ұлысын құруы тарихи мәліметтермен сәйкеседі. «Автор тарихи оқиғаны баяндай отырып, ненің қалай болатынын, қай кейіпкер қандай әрекет жасайтынын тұспалдамайды, ашып айтады. Бұл мәнер – көне қиссаларда сақталған. Солай бола тұра, автор көркем шығармаға қиялды кіріктірмей, шындықпен өргісі келеді. Тарихи деректер молынан қамтылып, ұшан-теңіз қазына сыйлайды», – деп жазды роман туралы ақын Біржан Ахмер.
«Ағыраптағы аты жоқ адам» романында жазушы Қанат Әбілқайыр шырғалаң тағдырларды шынайы бейнелейді. Өмірдің сынақтарына төзе алмаған, рухани күйреген кейіпкерлер туралы роман бас кейіпкердің ныспысының жоқтығымен тартымды. Бұл кітап туралы журналист Әтіргүл Тәшім былай дейді: «Кешегі 30 жылда нарыққа өтерде аналар ала дорба арқалап, жанбағыстың қамымен білек түре алға шықты да, әкелер «қазаншы» болып үйде отырып қалғаны бар. Бұл көп жыл отбасында өз орны бар, (жұмысы бар) аттан түспеген әкелердің рухын сындырды, Әкелер институты тоқырауға тап болды. Аты жоқтың әкесі дін жолын таңдап, Сирия асып, ақырында темір тордан бір-ақ шығады. Інісі Елдостың туған бауырына сатқындығы, өз-өзін ғажап психикалық ауытқуға апаруы, анасының басқа ердің етегінен ұстауы шығарма иіріміне тартып, оқырманды баурап алады».
«Иесіз көлеңке» романы. «Алишер Рахат – өзі жайлы айқайламайтын жазушы. Бірақ жылтыраған даңқы мен даңғазасы көбейген бүгінгі заманда адамдардың ізіне түсіп, үнсіз еріп жүретін қорқыныштың сұлбасы болса, Алишер оны «қара адам» бейнесі арқылы қазақ әдебиетіне әкелді. Жай ғана әкелген жоқ, төтеннен сұп-суық қолдарын сумаңдатып, су-сілемік қалпы ұсқынсыз бейнеде ту сыртымыздан телміртіп қойды. Сол арқылы көбіміздің ішімізде жатқан қорқыныштардың көлеңкесін қозғап жібергендей болды....». Бұл – замандасының романы жайлы жазушы Жәудір Нартайдың пікірі. Үздіксіз ізденісте жүретін, еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен танылған жас жазушының бұл романы хоррор жанрында жазылған.
«Сандық». Жадыра Шамұратованың бұл кітабы «Фолиант» баспасының «Бүгінгі проза» сериясымен шыққан. Шағын жанрда көп ізденетін жазушы бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерін қозғайды. Техника мен технология дамыған замандағы кейіпкерлердің жалғыздық торына шырмалуын даралап көрсетеді. Оның кейіпкерлері бір-біріне ұқсамайды. «Төртбұрыш адамның бір күні», «Бейуақта ашылған құпиясы» немесе «Құрылысшысы» болсын сюжеттік тартымдылығымен ерекшеленіп тұрады.
«Абыл мен Қабыл» романы. Жазушы Мақсат Мәліктің бұл шығармасында кеуде тұсынан қосылған, тәндері қосақталған Абыл мен Қабыл есімді сиам егіздерінің өмірі суреттелген. Роман «Таңсәрі», «Талтүс», «Алагеуім» және «Түн қараңғысы» атты төрт бөлімнен тұрады. Төрт бөлім табиғат пен адам жаратылысының төрт кезеңі сияқты бейнеленген. Яғни, романда таңсәріден басталып, түн қараңғысына жалғасқан біркүндік оқиға мен Абыл мен Қабылдың 33 жылдық ғұмыры сөз болады. Шығармада адамзат тарихындағы мыңдаған жылдан бері келе жатқан ақ пен қараның айқасы бедерленген.
«Бүкір» романы. Жазушы Есболат Айдабосын осы шығармасымен Mecenat.kz байқауына қатысып жатыр. Соңғы күндері «Фейсбук» әлеуметтік желісінде бұл роман туралы пікірлер толастамай тұр. Ақын Тоқтарәлі Таңжарық замандасына «Есболат – классикалық мәнерді өте терең меңгерген жазушы. Сөйлем құрауы Әуезов дәстүрінің жаңғырығы. Оқып отырып, шұрайлы тілге таңдай қақпай тұра алмайсыз», – деп баға беріпті.
Әрине, бір ғана мақалада ақын-жазушылардың соңғы жылдары шыққан шығармаларын толық қамти алмайтынымыз түсінікті. Біз негізінен прозалық шығармаларға және оның ішінде романдарға басымдық бердік. Өйткені оқырман арасында көбінде прозалық шығармалар өтімді екенін байқаймыз. Поэзияның да өз оқырманы бар, бірақ салыстырмалы түрде аздау. Бұл ойланарлық құбылыс... Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы, бәлкім, одан да көбірек мезгілден соң қазақ әдеби шығармаларының, яғни кітаптардың күні туып келе жатқаны қуантады. Оған мемлекет тарапынан да, жеке адамдар тарапынан да қолдаудың көбейе түсуі – әдебиетке, қазақтың асыл сөз үлгісіне шын жанашырлық деп түсінеміз.
Айгүл СЕЙІЛ