Ұлттық ұлан жүйесінде 73 «Жас бүркіт» сыныбы ашылған, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Бүгінде бұл сыныптар еліміздің 44 мектебі мен бір колледжінде ашылып, 9-10-сыныптарда білім алатын 1 400-ден астам оқушыны қамтып отыр. Сонымен қатар Ұлттық ұлан бөлімшелерінде 6-12 жас аралығындағы 235 бала қатысатын 32 "Жас бүркіт" клубы жұмыс істейді.
Ұрпақ сабақтастығына ерекше мән берілген. 18 сынып 1995 жылғы тәжік-ауған қақтығысы мен қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің есімдерімен аталды.
"Жас бүркіт" сыныптарындағы оқу үдерісі болашақ Отан қорғаушыларын жан-жақты даярлауға бағытталған. Оқушылар атыс, саптық, дене және тактикалық дайындық негіздерін меңгеріп, жаппай зақымдану қаруынан қорғану және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын игереді.
Әскери-патриоттық тәрбие аясында ашық есік күндері, ерлік сабақтары, ардагерлермен кездесулер, кәсіптік бағдар беру іс-шаралары және әскери-спорттық ойындар тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ тәрбиеленушілерді "Айбын – 2026" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Жас бүркіт" жобасы жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және елге қызмет етуге дайындық қасиеттерін қалыптастыра отырып, қарқынды дамуын жалғастырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.