Марқұмның жеке басын ДНҚ арқылы анықтады

ІІМ-нің молекулалық-генетикалық зертханасы ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ондаған тұлғаны анықтаған.

Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Бұл – мұқият талдауды, айғақтарды қайта зерделеуді, деректерді салыстыруды және криминалистиканың заманауи мүмкіндіктерін қолдануды талап ететін күрделі әрі кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыс.

– Бүгінде ІІМ-нің молекулалық-генетикалық зертханасының әлеуетінің арқасында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ондаған тұлға анықталды.

Адам өлтіру және зорлау фактілері, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар ашылды. Аталған істер бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде, кейбір істер бойынша алғашқы сот үкімдері де шықты.

Сондай-ақ ведомство хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтауға ерекше назар аударады.

Мысалы, 2017 жылы 27 жастағы ер адам Семей қаласынан шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Анасы полицияға жүгінгенімен, ол кезде оның жүрген жерін анықтау мүмкін болмаған. Уақыт өте келе Қызылорда облысында белгісіз адамның сүйек қалдықтары табылды. Жүргізілген ДНҚ сараптамалары мен заманауи криминалистикалық әдістердің нәтижесінде полицейлер марқұмның жеке басын анықтап, оны із-түзсіз кеткен азамат екендігін растады. Әрбір осындай деректің артында жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистердің үлкен әрі мұқият еңбегі жатыр.

Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу және хабар-ошарсыз кеткендердің тағдырын анықтау жұмыстары жалғасуда. Заманауи тергеу тәсілдері мен криминалистиканың мүмкіндіктері қылмыс жасалған уақытқа қарамастан, тұлғаларды анықтауға және қылмыскерлерді табуға мүмкіндік береді.

Ешбір қылмыскер жазасыз қалмауы тиіс,  бұл – заң мен тәртіптің басты қағидаты, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.