Бүгін Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Орал қаласында өткен «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыстық форумға қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Форум барысында ауылдық аумақтарды дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, ауыл әкімдері мен сарапшылар қатысты.
Агенттік төрағасы форумда ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
«Мемлекет басшысы былтыр ауыл әкімдерімен өткен диалог алаңында «Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше» деген болатын. Мемлекеттік саясаттың шынайы нәтижесі ең алдымен сіздердің еңбектеріңіз арқылы көрінеді. Оның тиімділігі мен сапасы әрбір азаматтың жіті назарында. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптың күшеюіне, кәсібилік пен жауапкершілік өлшемдерінің артуына алып келуде», – деді.
Сондай-ақ Агенттік төрағасы өңірлерде мемлекеттік қызметке жаңа кадрларды тарту және жүйені жаңғырту бағытындағы нақты нәтижелерге тоқталды.
Атап айтқанда, Мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде жоғары оқу орнын GPA 3,33-тен төмен емес көрсеткішпен тәмамдаған 788 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданып, еліміздің түрлі өңірінде қызмет атқаруда. Олардың 82-сі Батыс Қазақстан облысында еңбек етуде.
2024 жылы Өңірлік кадр резервтеріне алғаш рет іріктеу өткізілді. Жалпы, іріктеудің нәтижелері бойынша өңірлік резервке барлығы 543 адам қабылданды. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысының Өңірлік кадр резервіне 273 үміткердің ішінен 30 адам іріктелді. Оның 73% бүгінде жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Былтыр Мемлекеттік басқару академиясы «АMANAT» партиясымен бірлесіп, ауыл әкімдеріне арналған қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасын жүзеге асырды. Нәтижесінде, 2 219 ауыл әкімі білімін жетілдіріп, жаңа басқару дағдыларын игерді.
Мемлекет басшысының өткен жылы берген тапсырмасына орай, биыл бұл бағдарлама жаңарып, өз жалғасын табады.
Форум барысында Парламент Мәжілісі қабылдаған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы өзгерістер туралы айтылды. Жаңа заң жобасы мемлекеттік қызметтің қағидаттарын нақтылап, ауыл әкімдерінің құқықтық мәртебесін күшейтуді көздейді. Осыған орай, заңда сайланатын лауазымды тұлғаларды мемлекеттік қызметшілердің бөлек санатына жатқызу қарастырылған. Аталған санаттағы қызметшілердің құқықтық мәртебесінің ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл әкімдері үшін арнайы курстар бойынша оқыту тәртібі белгіленеді.
«Партиялар тарапынан ауыл әкімдігіне үміткерлер, елге қызмет етіп, ауылды өркендетемін деушілер қазірден бастап өз білімі мен біліктілігін арттыруы қажет», – деді Агенттік төрағасы.
Іс-шара соңында қатысушылар ауылды дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты.