Бүгін орталық аппаратта «AMANAT» партиясы жанындағы Цифрлық даму және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес отырысы өтті. Соның аясында IT саласы өндірушілерінің отандық тауар өндірушілердің тізіліміне (ОТӨ) және сенімді цифрлық объектілер тізіліміне енуіндегі кедергілер талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жақында ғана отандық тауар өндірушілердің тізілімінің нәтижесі қаралғанын жеткізді.
– Негізі елімізде барлық саланың қарқыны жақсы. Алайда IT саласы, соның ішінде өнеркәсібі ақсап тұр. Тізілімге бар-жоғы 14 кәсіпорын ғана енген. Әуелде 430 кәсіпорын көрсетілген. Сонда бұлардың алған сертификаты жалған болғаны ма, әлде көз қылып өтірік кәсіпті тіркегені ме? Әрине, тең жартысы шетелдік өніммен байланысты делік, бірақ құрығанда қалған жартысы өзіміздің кәсіп болуы керек еді. Елімізде IT саласы дамып жатыр, талайын көріп жүрміз. Бірақ олардың неге тізілімге енбегенін түсінбедім. Осыны кеңінен талқылап, мәселенің басын ашайық, – дейді Екатерина Смышляева.
Ол бұл мәселені 2-3 аптада ретке келтіру керегін талап етті.
Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысовтың сөзінше, бұған негізгі себептердің бірі – бюрократиялық және рәсімдік кедергілер.
– Әр мемлекеттік орган техникалық операцияның методикасын өзі белгілейді. Қандай критерийде, қандай көлемде өтетінін өзі көрсетеді. Оны бекітетін органға жібереді, олар оның дұрыстығын мақұлдаса, бізге жолданады. Жүйе іске қосылса, компаниялар өтінімдерін бере бастайды. Осы жұмыстың барысында мемлекеттік ұйымдардың бірі жұмысқа бірден кіріссе, енді бірі атүсті қарайды. Соның салдарынан түсінбеушілік туындады. Мысалы, салыққа байланысты заң өзгергендіктен, төрт айдан асты құжаттарды қабылдай алмай жатырмыз. Оның үстіне, IT саласындағы бүгін қойылған талаптар бір жылдан кейін ескіріп, өзгеріп кетеді. Бұл сала қарқынды дамып жатыр. Оған қоса, отандық тауар өндірушілердің тізілімі бойынша электронды өндіріс және IT өнімін екіге бөліп қарау керек секілді. Егер осы жұмыс жүйеленсе, тіркеуі де оңтайланады, – деді Әсет Тұрысов.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіпті дамыту және ішкі құндылық департаментінің директоры Айдын Рақымжан отандық тауар өндірушілердің тізіліміне кірудің екі жолы барын айтты.
– Біріншісі – өтінім беріп, техникалық операцияларын растайды. Бұл электронды өндірістің техникасына қатысты. Екіншісі, расталған құжаттарының негізінде мемлекеттік ұйымдардың ұсынысымен өте алады. Электронды өндіріс бойынша бүгінге дейін 124 субъектіден 486 өтінім түсті. Бәрі қаралды, тек 20 шақтысы қалды. 11 өтінім қабылданса, 455-сі қабылданбады. Кейбірі өтінімді қалай жіберуін білмесе, енді бірі техникалық сипаттаманы дұрыс толтырмаған немесе видеоны талапқа сай жүктемеген. Сонымен бірге жинайтын құжаттың көлемі 500-600 бетке дейін жетеді, соны ықшамдап, қысқартқан жөн, – дейді ол.
«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен жиынға мемлекеттік органдар мен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» өкілдері де қатысып, өз ойларымен бөлісті.