Елордалық мектеп оқушылары республикалық олимпиадада топ жарды

Петропавл қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша 10-11 (12)-сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағытта республикалық олимпиада өтті.

Білім додасында еліміздің әр өңірінен жиналған дарынды жастар шет тілдері бойынша өзара бақ сынап, білім мен біліктіліктерін жоғары деңгейде көрсетті, – деп хабарлайды Аikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана қаласынан қатысқан 12 оқушы үздік нәтиже көрсетіп, қоржынға 4 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль салды. Бұл – елордалық білім ошақтарының сапалы даярлығы мен оқушылардың табандылығының айқын дәлелі.

Ағылшын тілі пәні бойынша Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Айша Әрінхан ІІ орын иеленсе,  Canadian International School мектебінің 11-сынып оқушысы Сардар Мамлин ІІІ орынға қол жеткізді.

Француз тілі пәнінен елордалық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. №17 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ясмин Шиябиден мен №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Артём Ким І орын иегері атанды. Ал Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Баянсұлу Бағдат ІІ орынды иеленсе, №98 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Тимур Қайырбек ІІІ орынға тұрақтады.

Неміс тілі пәні бойынша да елордалықтар көш бастады. №46 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Эвелина Сафарова мен 11-сынып оқушысы София Тыль І орын иегері атанса, осы білім ордасының оқушылары Әмір Мұстафин мен Әділхан Ахмет ІІ орынға ие болды.

Жоғары нәтижелердің арқасында Астана қаласының құрамасы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағын жеңіп алды. Бұл жетістік – оқушылардың тынымсыз еңбегі мен ұстаздарының кәсіби шеберлігінің жемісі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.