150-ден астам бала интенсивті есту-сөйлеу реабилитациясынан өтеді

Қазақстанда балаларға арналған кохлеарлық имплантациядан кейін тәулік бойы есту-сөйлеу реабилитациясының жаңа маусымы басталды.

Биылғы жаздың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ден астам бала интенсивті есту-сөйлеу реабилитациясынан өтеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы кохлеарлық имплантациядан кейін балаларға арналған көшпелі реабилитация маусымын бастады.

Тәулік бойы бақылауды қамтитын бұл формат әсіресе күндізгі бөлімшелері жоқ, шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Есту қабілетін дамытуға, ауызша сөйлеуді қалыптастыруға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған реабилитациялық шаралар сәуір мен тамыз аралығында бес кезең бойынша өтеді. Әр маусым 15 күнге созылады және балалармен қарқынды жұмыс жүргізуе отырып, ата-аналарды әдістемелік тұрғыда оқытуды да қамтиды.

Биылғы алғашқы көшпелі маусым Алматы қаласындағы «Алтын-Қарғалы» шипажайы базасында сәтті аяқталды. Оған еліміздің 12 өңірінен (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстары) келген 28 бала қатысты. Қатысушылар қатарында ерте жастағы (8), мектепке дейінгі (17) және мектеп жасындағы (3) балалар бар. Оларға сурдопедагогтар, логопедтер мен психологтар тарапынан кешенді көмек көрсетілді.

Бағдарламада «Ата-аналар мектебіне» ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда мамандар үй жағдайында реабилитация жүргізудің тиімді әдістерін үйретеді. Мұндай тәсілдің жоғары тиімділігін қатысушылардың өздері де атап өтуде.

«Біз Қостанай қаласынан келдік, нәтижесі өте қуантады. Ұлым Ерасыл бұрын дыбыстарды елемейтін, ал қазір дауысқа бұрылып, жақындарының үнін ажырата бастады. Өзгеріс айқын байқалады. Педагогтердің кәсібилігіне үлкен алғысымды білдіремін», – деді ата-аналардың бірі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі реабилитациялық курстарға жолдама беру өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары арқылы жүзеге асырылатынын еске салады. Бағдарлама кохлеарлық имплантация жасалғаннан кейінгі бес жыл ішінде балалар үшін қолжетімді. Сонымен қатар жыл бойы үздіксіз қолдау көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми орталықтың филиалдарында күндізгі бақылау форматында есту-сөйлеу реабилитациясы ұйымдастырылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.