Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары – Астана 2026» халықаралық турниріне кері санақты бастады

Фиджитал-атлеттер арасындағы дода Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турниріне кері санақты іске қосу рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шара бүгін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтті. Презентация барысында Мемлекет басшысына негізгі дисциплиналар таныстырылды: фиджитал-баскетбол, фиджитал-футбол, MOBA Mobile, MOBA PC және фиджитал-жекпе-жек, сондай-ақ жарыс форматы көрсетілді.

Турнирді өткізу және іріктеу кезеңдерінің толық жүйесі Қазақстанның ұлттық жарыстардан бастап, халықаралық деңгейдегі турнирлерге дейін толық циклді жарыстарды ұйымдастыра алатын технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін растайды.

«Болашақ ойындары 2026» турнирін Астанада өткізу туралы шешім инновациялық спорт түрлерін дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың заңды нәтижесі болды. Елорда өзін халықаралық талаптарға сай және әлемдік деңгейдегі іс-шараларды қабылдай алатын алаң ретінде көрсетті.

Астана бүкіл әлемнен қатысушылар мен көрермендерді тартатын орталыққа айналып, жаһандық фиджитал қозғалысының дамуына серпін беріп, елдің заманауи, ашық және технологиялық дамыған мемлекет ретіндегі имиджін нығайтады деп күтілуде.

Турнирге 100 мыңнан астам көрермен келеді деп болжанады. Жарыстарға 50-ден астам елден 900-ден астам спортшы қатысады, ал жүлде қоры 4 миллион доллардан асады.

«Болашақ ойындары» – цифрлық және физикалық белсенділіктерді біріктіретін фиджитал тұжырымдамасындағы халықаралық мультиспорттық турнир. Алдымен спортшылар цифрлық форматта (консольде, компьютерде немесе мобильді құрылғыда) жарысады, содан кейін физикалық форматта (мысалы, футбол алаңында) бәсекені жалғастырады. Бұл жаңа буын спорты цифрлық ортадағы дағдыларды физикалық дайындықпен ұштастырып, спорт туралы дәстүрлі түсінікті түбегейлі өзгертеді.

Айта кетейік, бұған дейін  Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көргенін жазған болатынбыз.