Цифрлық Қазақстан үшін кадр даярлау: жаңа жасанды интеллект университеті мен өзге бастамалар

Кампус EXPO аумағында орналасады және «Аlem.ai» (http://alem.ai/) орталығымен интеграцияланады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллект саласында әлемдік деңгейдегі өз мамандарын даярлауы тиіс деген идеяны дәйекті түрде ілгерілетіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.

Университет AI+X моделіне негізделіп жұмыс істейді. Бұл жасанды интеллект пен салалық білімнің (медицина, энергетика, мемлекеттік басқару және басқа бағыттар) ерекше үйлесімі. 

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін ұлттық AI+X консорциумын қалыптастыру арнайы сараптама моделі бойынша жүзеге асырылады. Бұл модельде NAIRU жасанды интеллект саласындағы құзыреттер орталығы ретінде әрекет етеді және машиналық оқыту, деректерді талдау, компьютерлік көру және табиғи тілді өңдеу сияқты AI пәндерін әзірлеу мен оқытуды қамтамасыз етеді. Ал серіктес университеттер білім беру бағдарламаларының салалық бөлігін қалыптастырып, өнеркәсіп, энергетика, медицина, құрылыс, мемлекеттік басқару және басқа қолданбалы салалар бойынша терең пәндік сараптаманы жүзеге асырады.

Білім беру бағдарламаларын іске қосу 2026 жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Осы уақытта «Artificial Intelligence & Machine Learning» бағыты бойынша бакалавриат және AI+X форматындағы магистратура қатар басталады.

Бұл – Мемлекет басшысы бастамашы болған технологиялық инновациялар дәуірінде жұмыс істеуге дайын білікті кадрларды даярлаудың кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі:

 • цифрлық сауаттылықтың бесжылдық бағдарламасы (қазірдің өзінде шамамен 1 млн адам оқытылды);

 • Tech Orda (9 мыңнан астам IT-маман);

 • мемлекеттік қызметшілерге арналған AI Qyzmet (50 мыңнан астам адам оқытылды);

 • басшыларға арналған жаңа AI Governance 500 бағдарламасы;

 • AI Leaders 2026 халықаралық бағдарламасы.

«Аlem.ai» (http://alem.ai/) орталығында жасөспірімдерге арналған TUMO Astana және ересектерге арналған Tomorrow School жұмыс істейді. 2029 жылға дейінгі ЖИ дамыту тұжырымдамасы қабылданды, Digital Qazaqstan стратегиясы әзірленді, өңірдегі алғашқы ЖИ туралы заң және Цифрлық кодекс қабылданды. Президент жанынан әлемдік сарапшылардың қатысуымен ЖИ жөніндегі кеңес құрылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – жай сәнді тренд емес, жаңа технологиялық дәуірде елдің өміршеңдігі мен егемендігі мәселесі. Оның бастамаларының арқасында мектеп оқушыларынан бастап зерттеушілер мен басқарушыларға дейінгі толық кадр даярлау жүйесі қалыптасып, Қазақстанды цифрлық дәуірде өңір көшбасшыларының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.