"Бірнеше рет пышақ салған": Талдықорғанда асханадағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды

Ер адам бұған дейін де кісі өлтіру дерегі бойынша жауапқа тартылған екен.

Талдықорғандағы асханалардың бірінде тұрмыстық жанжалдың соңы қайғылы оқиғаға ұласқан. Салдарынан келіншек пышақ жарақаттарынан көз жұмды, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Ақпарат Instagram желісіндегі krisp.tdk парақшасында тараған. Онда шабуыл жасаған ер адамның жәбірленушіге қоғамдық тамақтану орнында бірнеше рет пышақ сұғып, ауыр жарақат салғаны айтылған.

"Ер адам бұған дейін де кісі өлтіру дерегі бойынша жауапқа тартылған. Бұл екінші рет пе? Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан қайтыс болды", – делінген хабарламада.

Жетісу облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша әйелдің қаза тапқанын ресми түрде растады. Қазір "Кісі өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмысқа тұрмыстық жанжал себеп болған.

"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – деп мәлімдеді полиция.