Өскемендегі базарда саудагерлер көкөніс бағасы негізсіз көтерген

Кейіннен сол көкөністер қосымша үстеме бағамен қаланың «үй маңындағы» дүкендерде сатылған.

Өскемендегі «Дина» көтерме базарына жүргізілген кешенді мониторинг нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіргені анықталды,  - деп хабарлайды Aikyn.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Электрондық шот-фактураларға (ЭШФ) жүргізілген талдау сәбіз, картоп және қырыққабатқа қосылған үстеме бағаның рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асып кеткенін көрсетті.

Сәбіз: Павлодар облысының шаруа қожалықтарынан 170 теңге/кг бағасымен сатып алынып, кейін басқа кәсіпкерлерге 35%-ға дейінгі үстемемен (230 теңгеге дейін) қайта сатылған.

Картоп: Ақпан айында Абай облысынан 150 теңге/кг бағасымен 30 тоннадан астам өнім сатып алынған. Наурыз айында бұл картоп Өскеменде 250-ден 280 теңгеге дейінгі бағамен сатылған. Нақты үстеме баға 70%-дан 86%-ға дейін жеткен.

Қырыққабат: Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 130 теңге/кг бағамен сатып алынып, 200–220 теңгеден өткізілген. Үстеме баға 53%-дан 69%-ға дейін құраған.

Аталған көкөністер кейіннен қосымша үстеме бағамен қаланың «үй маңындағы» дүкендерінде халыққа сатылған.

Бұл фактілер бойынша материалдар Өңірлік комиссия отырысында қаралды. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін құжаттар дайындалуда. Заң бұзушылық расталған жағдайда кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көкөніс бағасын төмендету туралы нұсқама беріледі.

ШҚО бойынша Сауда департаменті ескертеді: заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қосылатын шекті сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.