"Тұз қышқылына күйіп қалды": Ақтауда атом комбинатының жұмысшылары зардап шекті

Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы “Маңғыстау атом-энергетикалық комбинаты” кәсіпорнында жұмыс кезінде тұз қышқылы шашырап, екі қызметкер күйік алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуірде сағат 10:30-да болған.   Алдын ала мәлімет бойынша, екі жұмысшы негізгі конденсаторды қышқылмен жуып жатқан. Тұз қышқылының ерітіндісі қышқыл айдау сорғысының көмегімен шланг арқылы берілген. Жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін, шлангты шешу кезінде тұз қышқылы ерітіндісі шашырап, жұмысшылардың беті мен көзіне тиген. 

"Жұмыс беруші бұл жазатайым оқиға туралы белгіленген тәртіппен Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне хабарлады. Қазір алған жарақаттардың ауырлық дәрежесі туралы медициналық қорытынды күтіледі. Ауыр немесе топтық жазатайым оқиға белгілері анықталған жағдайда, тергеу мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеу нысанында жүргізіледі", - деді Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.