Атырауда партиялық бақылау нәтижесінде үш нысан пайдалануға берілді

Қазір анықталған ескертулерді жою, іргелес аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ техникалық бөлігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Екі жыл бұрын Атырау қаласында 9 кәріздік сорғы станциясын жаңғырту жұмыстары басталып, оларды 2024 жылдың қараша–желтоқсан айларында аяқтау жоспарланған болатын. Алайда белгіленген мерзімде тек бір станция ғана пайдалануға берілген. Қалған нысандар бойынша жұмыстар жобалық құжатты түзету қажеттілігіне байланысты 2025 жылға ауыстырылды. Осы ретте "AMANAT" партиясы былтыр мамыр айынан бастап Партиялық бақылау комиссиясы тарапынан мониторинг ұйымдастырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жүйелі жұмыс аясында салалық мамандармен бірлесіп құрылыс барысына тұрақты мониторинг жүргізіліп, 5 рет көшпелі тексеру жасалды. Сонымен қатар тапсырыс беруші мен мердігер ұйымдарға нақты ұсынымдар беріліп, олардың орындалуы қадағаланды.

Комиссияның тікелей қатысуы және барлық тараптардың жедел өзара іс-қимылы нәтижесінде жобаны іске асыру қарқыны едәуір жеделдетілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 3 станцияның құрылысы аяқталып, пайдалануға қабылданды. Қалған 5 нысанда құрылыс жұмыстары толық аяқталған.

Қазір анықталған ескертулерді жою, іргелес аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ техникалық бөлігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар нысандарды белгіленген тәртіппен қабылдау рәсімі жүзеге асырылуда.