Сенат Төрағасы Израиль Президентімен кездесті

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездес­ті. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары және парламентаралық байланысты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасы Израиль делегациясына ілтипат білдіріп, көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде бүгінде екі мемлекет арасында сенімге негізделген саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл сапар Қазақстан мен Израиль арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.

«Сіздің Астанаға сапарыңыз – Қазақстан-Израиль қарым-қатынасын нығайту жолындағы маңызды қадам. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен өтетін мазмұнды келіссөздер екі ел арасындағы бай­ланысты дамытуға елеулі үлес қосады деп се­неміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат барысында тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі жандандыру мәселесіне де тоқталып, заң шығару қызметіндегі ынты­мақтастықты кеңейту перспективасына назар аударды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Израиль тарапына Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезіне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Кездесуде аталған алаң конфессияаралық өзара құрметті нығайтуда маңызды рөл атқарып келе жатқаны сөз болды. Сондай-ақ ол қазіргі күрделі геосаяси жағдайда діни дипломатияның маңызына баса мән беріп, Қазақстанның конфессияаралық келісімді дамыту және жаһандық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамаларының мақсаты жөнінде айтты.

Өз кезегінде Израиль Президенті Қазақ­станның бейбіт бастамаларына және жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларға жоғары баға берді. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тілге тиек етті.