Алматы қаласында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің жоспардан тыс тексеруінің қорытындысы бойынша «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК қызметінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың өрескел бұзушылықтары анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тексеру барысында 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық мекемеде 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылғаны белгілі болды. Аталған жабдықтар типін бекітусіз немесе метрологиялық аттестациясыз қолданылған, мемлекеттік реестрде тіркелмеген және міндетті тексеруден (поверкадан) өтпеген. Соған қарамастан, құрылғылар медициналық көмек көрсету барысында пайдаланылған.
Бұл модульдер пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылауға арналған, атап айтқанда: жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы. Мұндай жабдықты өлшеу дәлдігі расталмай қолдану клиникалық шешім қабылдауға тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Тексеру нәтижесінде медициналық ұйым қызметінде Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптарының талаптары бұзылғаны анықталды. Анықталған фактілер тексеру материалдарымен расталды.
Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама берілді. Жабдықтарды пайдалану заң талаптарына толық сәйкестікке келтірілуге тиіс.
Жіберілген бұзушылықтар үшін мекеме Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мөлшері 600 АЕК (2 595 000 теңге) болып, белгіленген тәртіпте төленді.
Департамент метрологиялық бақылау талаптарын сақтау міндетті екенін және оның пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Белгіленген нормалардан кез келген ауытқуға жол берілмейді.