Аймақ басшысы аудан орталығында баспана кілттерін табыстау рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары» бағдарламасы аясында кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне бөлу үшін берілді. Аталған тұрғын үйден 31 отбасына пәтер кілті салтанатты түрде табысталды.
Облыс әкімі баспаналы болған тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Абай облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Аягөз қаласындағы салынған осы 60 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі – мұның айқын дәлелі. Дәл бүгін бірқатар өңір тұрғыны баспаналы болып, өздерінің қоныс тойларын тойлайтын болады. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Бүгін табысталатын әрбір баспана – бір отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы, балалардың болашағына жол ашқан игі бастама», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі аталған үйдің ауласына ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне де қатысты.
Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
«2022 жылы тұрғын үй кезегіне тұрғанбыз. Үш баламыз бар. Үйлі болғанымызға өте қуаныштымыз», – деді Аягөз қаласының тұрғыны Қымбат Думанқызы.
Шара барысында аймақ басшысы Аягөз ауданын дамыту бағытындағы жұмыстарға, жаңа жобаларға тоқталды.
«Жақында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов облысымызға келіп қайтты. Қазіргі уақытта өңірде 10 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде Аягөздің вокзалы да бар. Компания басшылығымен «Абайға құрмет» акциясы аясында Аягөз қаласында спорттық сауықтыру кешенін салу жөнінде келісімге келдік. Бұл – осы акция шеңберінде аудандарда салынғалы тұрған алғашқы нысан. Құрылыс жұмыстарын биыл бастайды. «Бақты–Аягөз» теміржол құрылысы ауданның дамуына тың серпін береді. Құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтарды көбірек тарту жөнінде келіссөздер барысында уағдаластық. Бұл өз кезегінде халыққа қосымша табыс, қосымша жұмыс орны болады», – деді облыс әкімі.
Былтыр Аягөз қаласының «Орталық» қазандығында әрқайсысының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. 3,9 шақырым жылу желісі ауысып, жылу мәселесі толық шешілді.
Аудандағы жолдарды жөндеуге 2,1 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде «Ақшәулі-Мыңбұлақ-Нарын-Шынқожа» жолының 15 шақырымы, Аягөз қаласының 10 көшесі; Айғыз, Дөненбай, Тарбағатай, Баршатас ауылдарының көшелері жөндеуден өтті.
Облыс бойынша 9 мектеп жөнделді, оның ішінде Аягөз қаласының Бозтаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №7 орта мектебі, Тарлаулы ауылының Қадыржанов атындағы орта мектебі де бар.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Қазіргі таңда Аягөз ауданында инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылуда.
Аягөз қаласының бірқатар көшелерінде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол сапасы жақсартылуда. Ауданға қарасты ауылдық округтерде де ауқымды жобалар қолға алынған. Мәселен, Ақшәулі ауылдық округінде елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырын тарту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.
Аягөз қаласында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Қабанбай батыр көшесінде орналасқан аллея абаттандырылады. Аягөз қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қосағаш пен Тарлаулы ауылдық округтерінің ішкі жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.