Батыс Қазақстан облысында коммуналдық инфрақұрылым жаңартылады

Орал тұрғындары тұрақты су бұру жүйесімен және жылумен қамтамасыз етілді.

Батыс Қазақстан облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Орал қаласында №29 кәріз сорғы стансасын қайта жаңартқаннан кейін 50 мың тұрғын тұрақты су бұру жүйесімен қамтылса, 10 мыңнан астам адам тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ 165 шақырым электр желісін жаңарту жоспарланып жатыр,  – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Шара аясында 4 негізгі жоба көрсетілді. Негізгі нысандардың бірі  құны 1,8 млрд теңге болатын № 29 кәріздік сорғы стансасын қайта құру. Жоба аяқталғаннан кейін 50 мың тұрғын және 39 әлеуметтік нысан тұрақты су бұрумен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, жаңа абоненттерді қосу мүмкіндігі туады. Қазір стансаның жаңа ғимараты  салынып жатыр. 

Облыс орталығында қаланың негізгі жылу желілерінің бірі – ЖМ-7 магистралін қайта құру жұмысы жалғасуда. Жоба аясында 1,8 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. Бұл желілер күрделі жөндеусіз 35 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген. Жобаның құны  – 2,6 млрд теңге. Нәтижесінде, 130 көппәтерлі тұрғын үй (10,1 мың тұрғын) мен 24 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.

Зашаған кентінде қуаты 4 МВт «Саншкола» қазандығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Құны 229,3 млн теңгені құрайтын нысан өткен жылыту маусымында екі мектепті, полиция бөлімін және «Қазақтелеком» АҚ филиалын тұрақты жылумен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар электр желілерін қайта құру жобасы облыстың 6 ауданында және 31 елді мекенде іске асырылуда. Жеке жоба аясында Оралда құны 3,5 млрд теңге болатын 165 шақырым 0,4 кВ әуе желісін ауыстыру жоспарланған. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, қала бойынша желілердің тозуын 5%-ға және облыс бойынша 1,13%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен, 1962 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан және күрделі жөндеу көрмеген Круглоозерное кентіндегі электр желілерін жаңғырту жоспарлануда. Бұл шара 700-ге жуық абонентті қамтып, оларды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді. Қайта құруға дейін бұл учаскеде жыл сайын 25-ке жуық өшіру тіркелген.

Айта кетейік, 2026 жылы Батыс Қазақстан облысында ЭКСЖ Ұлттық жобасы аясында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 1 113 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы стансаны қайта жаңарту көзделген. Жобалардың жалпы құны 16,5 млрд теңге, оның ішінде биыл 4,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Жобаларды Орал қаласы мен 74 ауылдық елді мекенде іске асыру жоспарланған. Жалпы, өңір бойынша инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобалары аясында 509 шақырым электр желісін, 12,4 шақырым жылу желісін және 5,6 шақырым су құбыры желісін қайта жаңарту көзделген.