Мәжіліс «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы» заң жобасын, сондай-ақ оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Негізгі заң жобасында педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігін тек оқу процесі кезінде ғана белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін кеңейту көзделген.
Құжатта есептілікті бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салу нормасы енгізілген. Сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай ережелері белгіленбек.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде мектеп оқушыларын ғылыми жұмысқа тарту шаралары қарастырылған.
Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұған дейін каникул кезінде, кешкі уақытта немесе демалыс күндері болған оқиғалар үшін мұғалімдер жауапқа тартылып келген.
«Бұл – әділетсіздік. Енді заңға нақты норма енгізіледі: педагог тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өз қызметтік міндеттері шеңберінде ғана жауап береді. Ал жазғы демалыс, түнгі уақыт және демалыс күндері – ата-ананың жауапкершілігі», – деді ол.
Оның сөзінше, жаңа өзгерістер мұғалімдердің құқықтық қорғалуын күшейтіп, екіұшты түсіндірулердің алдын алады.