Қазір әлеуметтік желілерде продюсер Баян Алагөзова мен оның жұбайы Тұрсын Алагөзовтің қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешеваға жасаған ерекше тартуы қызу талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 24KZ сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, продюсер актрисаға құндыз тон сыйлап, өмірінің соңына дейін ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді ұсынған.
Бірақ Меруерт Өтекешева бұл жаңалықты өзі де әлеуметтік желіден естіп, таңғалғанын жасырмады. Айтуынша, ол Баян Алагөзовамен бұрын-соңды жеке кездесіп, таныспаған.
«Бұл жаңалық мен үшін күтпеген жағдай болды. Баянмен өмірде кездеспеген екенбіз, жеке таныстығымыз жоқ. Бірақ оның еңбегін сырттай бақылап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін», – деді актриса.
Сондай-ақ көпшілікті толғандырған «Қыз Жібек» фильміндегі камзолдың тағдырына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, түсірілімнен кейін бұл киімді көрмеген, ал киностудия жабылған кезде костюмдердің бірі жеке адамдардың қолына өтіп кеткен болуы мүмкін.
«Камзолды 50 жыл бойы сақтап, бүгінге жеткізгені үшін алғысымды айтамын. Оның Баянға берілуіне ренішім жоқ. Ол да өнер адамы, құндылығын түсінеді. Ең бастысы – бұл жәдігердің музейге тапсырылатыны», – деді ол.
Актриса продюсердің бұл қадамын өнерге деген құрмет ретінде бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ұсынылған сыйлықты қабылдау мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр, себебі тараптар әлі жүзбе-жүз кездеспеген.
"Құман екеуіміз өмір бойы халық үшін еңбек еттік. Бізде бизнес болған жоқ, бір жалақыға қарап жұмыс істедік. Сондықтан Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын", - деді аты аңызға айналған актриса.