Конституция – елдіктің еңселі тірегі

IQostanay SMART-орталығында «Халықтық Конституция – ұлттық құндылықтар мен бірліктің айнасы» атты сараптамалық кеңес өтті. Іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат өкілдері, сондай-ақ азаматтық сектор өкілдері қатысты.

Жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа Конституция халықтың кең қолдауына ие болғанын атап өтті.

– Референдумға облыс тұрғындарының 73 пайыздан астамы қатысты, яғни 435 мыңнан астам адам. Олардың 90 пайызы «қолдаймын» деп дауыс берді. Бұл аза­маттардың жоғары белсенділігін және конституциялық реформаларды қолдай­тынын көрсетеді. Негізгі заң 1 шілдеден бас­тап күшіне енеді. Жақын арада ұлттық заңнаманы жаңа нормаларға сәйкестендіру жұмыстары жалғасады, – деді ол.

Басты өзгерістердің бірі – Парламенттің бір палаталы модельге көшуі болмақ. Ал Құрылтай сайлауы 2026 жылдың тамыз айында өтеді.

Парламент Сенатының депутаты, Қостанай облысының тумасы Бибігүл Аққожина өз сөзінде дәстүрлі құндылық­тардың рөліне ерекше тоқталды.

– Конституцияда отбасы институтын сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраға құрмет көрсетуге бағытталған нормалар бекітілген. Яғни, неке – ер мен әйелдің ерікті әрі теңқұқықты одағы екені айқын жазылып тұр. Сондай-ақ мұндағы маңызды нормалардың бірі – кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың ең­бекке қабілетсіз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті екендігі. Конституцияда бекітілген бұл норма дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауда маңызды болып саналады, – деді депутат.

Бибігүл Бүркітқызының сөзін Қостанай облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Басенова жалғастырды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда отбасы институтын дамы­туға қатысты мәселелер кеңінен қамтылған. Балалардың құқықтарын қорғау ғана емес, ата-аналардың жауапкершілігі де күшейтіліп, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қарастырылған.

Қатысушылар сондай-ақ Конститу­цияның практикалық маңызына да ерекше назар аударды. Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Бектұрғанов Кон­ституцияны қабылдау үдерісі бүкіл қоғам үшін маңызды кезең болғанын айтты.

– Конституцияны талқылау көптеген азаматты басты заң мәтініне қайта үңіліп, оның күнделікті өмірге қалай әсер ететіні туралы ойлануға итермеледі. Бұл – құқық­тық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадам, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл құжатты толық негізде «халықтық» деп атауға болады, өйткені оны талқылауға елдің барлық аза­маты қатыса алды.

Сонымен қатар оның пікірінше, басты мәселе – заңның мазмұны ғана емес, оның орындалуы.

– Конституция – мемлекеттің негізгі іргетасы. Ондағы әрбір «кірпіштің қалай қаланғаны» ғана емес, олардың әрқайсының іс жүзінде қалай  қажетке жарайтыны маңызды. Ешбір Конституция өздігінен қоғамды әділетті әрі өркенді ете алмайды. Бұл әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты. Біз өзара түсіністік, келісім, өзара диалог, құрмет және бір-бірін тыңдауға дайын болу арқылы ғана алға жылжи ала­мыз, – деді ол.

Жиын қорытындысында сарапшылар, бастысы – заңның мазмұны емес, оның іс жүзінде орындалуы және Конституция қоғамның дамуы үшін негіз болғанымен, әділеттілік пен өркендеу әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты деп атап өтті.