Жанға дауа көрікті мекен

Елімізде жанға дауа, дертке шипа емдеу-сауықтыру орындары аз емес. Әдетте бұқара олардың көбін демалыс орындары ретінде бағалағанымен, іс жүзінде түрлі арасандардың, санаторийлердің денсаулықты түзетуге қосар үлесі мол болады. Сонымен қатар мұндай орындар жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орны, табыс көзі, кәсіпкерлік нысаны ретінде де танылған.

Айталық,  Жаркенттегі арасанның ашыл­ғанына да  жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Сонау  1967 жылы шипажай рет­­інде ашылыпты. Алайда ондағы арасан­дарды бұқара одан бұрын да білгені  даусыз. Кейін  Кеңес Одағы кезінде  арасан ресми түрде зерттеліп,  емдеу-сауықтыру орнына айналды. Ал бүгінде «Жаркент-Арасан»  деген атпен  жұмыс істеп тұр. Кешеннің  заманауи үлгіде құрылғанына да 22  жыл толды. Осы жылдар ішінде санаторий еліміздегі табиғи минералды сулар мен емдік балшықтарды және басқа да табиғи факторларды қолданатын жетекші орталық­тардың бірі ретінде қалыптасты. Құрамында  радоны бар хлор-сульфат натрийлі  минерал­ды суы арқылы танылған  арасан  қан айналуы, жүйе жүйесін, аяқ-қол, буын ауру­ларын, тері және гинекологиялық сырқаттарды емдеу үшін пайдаланылады. Шипалы судан бөлек,  сапалы қызмет көрсету де емделушілердің көңілінен шы­ғып жүр. Содан да болар, кешен Пре­зиденттің «Алтын сапа»  сыйлығына ие болған.  Бұл сыйлық әдетте  жоғары сапаға қол жеткізген кәсіпорындар мен  мекеме­лерге берілетінін ескерсек,  кешен жұмысы­ның жетістігін бағалаудың нақты көрінісі болса керек. 

Биыл  санаторий емделушілерге қос­ым­ша мүмкіндіктер  ұсынғалы отыр. 3 300 шарты метрлік жаңа  ғимарат  іске қосылып,  60 жоғары санаттағы орынға қосымша 50  жұмыс орны ашылмақшы. Яғни, келушілерге 50 білікті дәрігер мен мейірбике қызмет көрсетеді. Осылайша, жаңа жұмыс  орындары арасан маңайындағы халықты еңбекпен қамтуға  қосымша мүм­кіндік ашып отыр. Ал жалпы алғанда,  сауықтыру кешенінде бүгінде маусымдық кезеңмен 250-ден астам қызметкер еңбек етеді.

Сөз басында айтқанымыздай, сана­торийдің негізгі табиғи емдік факторы – радонды термалды минералды су көзі. Оның құрамы мен емдік қасиеттерін түрлі кезеңде жүргізілген ғылыми-зерттеулер әлдеқашан дәлелдеген әрі құрамы өзгер­мейтіні анықталған. Емдік мақсатта  25-28°С температурадағы су   пайдаланылса, ванна процедуралары үшін 35-37°С дең­гей­інде қолданылады.

Санаторийде тірек-қимыл аппараты, жүрек-қан тамырлары жүйесі және зат алмасу бұзылыстарын, гинекологиялық және урологиялық, сондай-ақ ас қорыту, тыныс алу және жүйке жүйесі ауруларын емдейді. Емдеу бағдарламасына әртүрлі концентрацияда радон ванналары, шарко, циркулярлық, жоғары бағытталған душтар, балшықпен емдеу, физиотерапиялық про­цедуралар (магнитотерапия, электро­форез), ингаляция, спелеотерапия, емдік денешынықтыру және радон суын мөлшер­мен ішу (бювет) кіреді.

Радонмен емдеу әдістері қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын, қан айналы­мын жақсартатын, иммунитетті нығайтатын және қалпына келтіруші әсерімен ерекше­ленеді. Емдеу курсы дәрігердің тағай­ындауымен жүргізіледі және орта есеппен 12-15 процедураны қамтиды. Бір­рет­тік ванна ұзақтығы 10-15 минуттан аспайды. Балаларды емдеу 5 жастан бастап ұсыны­лады. Яғни, кешенде түрлі жастағы азамат­тарды емдеуге мүмкіндік бар деген сөз. 

Жетісу өңірінің экологиялық таза, көркем таулы аймағында, Борохудзир өзені маңында орналасқан арасанның табиғи-климаттық жағдайы сауықтыру шарала­рының тиімділігін арттыруға мүм­кіндік береді. Санаторийде көрсетілетін барлық медициналық қызмет лицензия­ланған және қолданыстағы стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Яғни,  халық­аралық талаптарға сай қызмет көрсетеді деген сөз.  Бұл өз кезегінде  емдеу-сауықтыру туризмін  дамытуға да үлес қосары сөзсіз. Ал  еліміздің көрікті жерлеріне, шипажай­ларына  отандас­тарымыз бен шетелдіктердің көп келуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.