Сырдың жаңа сәулеті

Кейінгі жылдары Қызылорда облысының мәдениет саласында оң бастамаларға бетбұрыс бар. Тарих тағылымынан сыр тартқан өңірде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, мәдениет нысандарын салу, рухани құндылықтарды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар сан алуан.

Жыл басында Сыр топырағында өткен Ұлттық құрылтайда Президент жаңа драма театрын салу мәселесін сөз еткені көпке мәлім. Аймақтың мәдениет саласына серпін беретін жаңа құрылыс нысанын салу бастамасын жергілікті жұртшылық жағымды жаңалық ретінде жылы қабылдады. 

Жалпы, өңірде жүзеге асырылып жатқан жүйелі жобалар мен іргелі бастамалар тұрғылықты халықтың рухани өмірін байытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңаша серпінмен дамытуға жол ашып отыр. Соның ішінде Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­масына сәйкес құрылысы қарқын алған жаңа театр аймақтың мәдени тынысын кеңейтетін рухани орталыққа айнала­тынына сенім зор. 

Жаңа драма театрдың іргетасы облыс орталығындағы Президент саябағы аумағында қалана бастады. Өңірдің мәдени өміріндегі ең ірі жоба саналатын бұл құрылыс нысанының жалпы аумағы 11 мың шаршы метрге тең. 

«Жуырда драма театрдың іргетасын қалау және капсула салу рәсімі өткізілді. Бүгінде театр құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алынғаны көпке мәлім. Келешекте жаңа театр өңірдің мәдениет саласының дамуына жаңаша серпін беріп қана қоймай, талай талапты жастардың өз талантының шыңдауға ықпал етеді деп күтілуде», – дейді Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов.

Театр ғимараты 3 қабаттан тұрады. Көрермендер залы 510 адамға негізделіп, заманауи үлгідегі жарық, дыбыс, сахналық құрылғылармен жабдықталмақ. Бұл театрда күрделі қойылымдар қоюға мүм­кіндікті арттырады деп күтілуде. Жос­парға сәйкес, академиялық музыка­лық-драма  театр құрылысы 2027 жылы толық аяқталып, өңірдің өнерсүйер қауы­мы­на есігін айқара ашатын болады. 

Негізінен, Қызылорда  ежелден қазақ кәсіби театр өнері шамшырағын жаққан киелі  мекен саналады. Өңірде осыдан бір ғасыр бұрын ұлттық театрдың алғашқы қойылымы сахналанып, қазақ сахна өнерінің іргесі қаланғаны мәлім. Нақты айтқанда, бүгінде Қызылорда қаласында жұмыс істеп тұрған Нартай Бекежанов атындағы драма театрының іргетасы 1955 жылы Талдықорғанда қаланып, Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал аудан­дарындағы колхоз-совхоз театрларының негізінде құрылған. Өнер ордасында алғашқы репертуар қазақ классикасынан бастау алыпты. Бертін келе 1960 жылы театр Қызылордаға көшіріліп, өнер ордасының шымылдығы Ғабит Мүсір­епов­тің «Ақан сері – Ақтоқты» траге­диясымен ашылыпты. Содан бері театр ұжымы әлемдік сахналарда өнер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, Испания, Фин­ляндия, Эстония және Швейцария елдерінде өткен мәдени шараларда ұлттық өнердің шоқтығын биік ұстап жүр.

«Соңғы жылдары Қызылорда өңірінде мәдениет саласына айрықша көңіл бөлініп келеді.  Бұл тұрғыда 2022 жылдан бері облыста 22 жаңа мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында 7 «Руханият» орталығы, 10 ауылдық клуб, сондай-ақ «Анаға тағзым», «Өнер», «Отбасы» орталықтары мен заманауи облыстық тарихи-өлкетану музейі бар. Бұл – өңірдің мәдени инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға бағытталған нақты қадам деп айтуға болады. Бір ғана «Руханият» орталықтары саланың өркендеуі мен қызмет көрсету жүйесін оңтайландыруға бағытталған маңызды шешім деуге толық негіз бар. Сол сияқты Сыр өңірінде  жыраулық өнерді дамыту мақсатында «Жыраулар үйінің» ашылуын ұлттық өнерге көр­сетілген үлкен құрмет деп білеміз. Ал «Тұран» сыйлығы талантты өнер иелерін қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Жалпы, өңірде мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан игі жобалардың әрбірі жоғары маңызға ие. Ендігі кезекте аймақта құрылысы қарқын алған ака­демиялық драма театры аймақ өнерпаз­дарының шығармашылығын жаңа деңгейге көтереріне сенім зор», – деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, сала мамандарының кәсіби деңгейін арт­тыруға да айрықша   көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда соңғы үш жылда 40-қа жуық маман шетелде және елдің ірі қалаларында біліктілігін жетілдірген. Нәтижесінде, жаңа симфония­лық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би және хор ұжымдары құрылып, жемісті жұмыс істеп келеді.

Қазір 70 жылдан астам тарихы бар Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының бағындырған белесі өз алдына бір төбе. 2019 жылы театрға «академиялық» мәртебе берілді. Еңбек жолында театр ұжымы 60-тан астам қойылымды сахна­лап, жыл сайын 70 мыңнан астам көрер­менге қызмет көрсетіп отыр. 

Қызылорда облысында мәдениет пен руханият саласы кешенді түрде дамып келеді. Соның айғағындай, өңірде  салынып жатқан заманауи үлгідегі жаңа драма театр да Сыр мәдениетінің рухани тірегіне айналарына сенім зор.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы