Абай университетінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Бүгін Абай университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті.

Мақсаты – жоғары оқу орнын тәмамдағалы отырған түлектерді жұмыс берушілермен тікелей байланыстырып, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу. Жәрмеңкеде 250-ге жуық мекеме жас мамандарға арналған бос жұмыс орындарын ұсынып, болашақ педагогтерді өздеріне жұмысқа шақырды.

Абай университетінде жұмыс берушілермен серіктестік жылдан-жылға нығайып келе жатыр. Мәселен, университет былтыр 64 мекемемен меморандумға отырса, биыл бұл көрсеткіш 78-ге жеткен. Сонымен қатар 175 білім беру ұйымымен тұрақты келісімшарт негізінде тәжірибе базасы ретінде жұмыс істейді. Бұл – сапалы маман даярлаудағы нақты нәтиже.

Жұмыс берушілер өздеріне қажетті сапалы кадр таңдауда осындай іс-шаралардың маңызды екенін айтады. Солардың бірі университет кешегі түлегі, бүгінгі Алматы қалалық №171 мектептің директоры Нұрдаулет Серікұлы:

– Біз осы білім ордасында сапалы білім мен тағылымды тәрбие алдық. Ұстаздардан үйренгеніміз кәсіби өмірімізде үлкен рөл атқарды. Табысқа жетудің басты жолы – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс, – дейді.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық мекеме қатысты. Олардың қатарында мектептер, колледждер, балабақшалар мен білім беру ұйымдары бар. Жұмыс берушілер жәрмеңкеде түрлі бағыттағы 1 214 бос жұмыс орнын ұсынды. 

Іс-шара аясында  mansap-bosoryn.kz  цифрлық платформасы таныстырылып, түлектерге онлайн түрде жұмысқа өтінім беру мүмкіндігі іс жүзінде көрсетілді Мұнда бос жұмыс орындары жарияланып, бітіруші түлектер тікелей өтінім бере алады. Жіберілген өтінімдер бірден жұмыс берушінің электронды поштасына және WhatsApp байланыс нөміріне жолданады. Сол арқылы жұмысқа орналасу үдерісі жедел, ашық әрі тиімді форматта жүргізіледі.

Айта кетейік, биыл Абай университетін бакалавриат деңгейінде 81 білім беру бағдарламасы бойынша 2 800 студент тәмамдайды. Олардың басым көпшілігі шет тілі, қазақ тілі мен әдебиеті және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Ал 52 мамандықпен 688 білім алушы магистр ғылыми дәрежесін алып, еңбек нарығына жол тартпақ. Бітіруші түлектердің шамамен 70 пайызы мемлекеттік білім гранты негізінде оқыған.