Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында барлық ит тұқымдары қатысқан Astana Winner 2026 халықаралық көрмесі аясында Қазақстан кинологтар одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақы тазы» ұлттық ит тұқымының моно тұқымды көрмесі жоғары деңгейде өтті, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Моно тұқымды көрмеге Қазақы тазы тұқымының 61 иті тіркелді. Бұл көрсеткіш тұқымға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және оны сақтау мен дамыту бағытындағы селекциялық жұмыстың белсенді жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.
Іс-шара Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген қатысушыларды біріктіріп, кәсіби кинологиялық қауымдастықты, итбегілерді, ит ұстаушыларды және әуесқойларды бір алаңға жинады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң мәліметінше, жалпы Astana Winner 2026 халықаралық көрмесіне әртүрлі тұқымдағы 380 ит тіркелді, оның ішінде 41 Қазақы тазы болды.
Төрешілік етуді Халықаралық кинология федерациясының (FCI) Президенті Тамаш Яккель (Венгрия), сондай-ақ Швейцария мен Қытайдан келген беделді халықаралық сарапшылар жүзеге асырды. Қазақы тазының моно тұқымды көрмесіне ұлттық төреші Айбол Алпысбаев төрелік етті.
Моно тұқымды көрменің қорытындысы бойынша, келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:
* Үздік беби – Шагане из Казахских степей (Shagane iz Kazakhskih stepey)
* Үздік күшік – Парыс (Parys)
* Үздік юниор – Челси (Chelsi)
* Үздік арлан – Дастер (Daster)
* Үздік ұрғашы – Герда (Gerda)
* Үздік ардагер – Ушар (Ushar)
* Тұқымның үздік өкілі – Герда (Gerda)
Іс-шара қонақтары үшін қазақстандық қолөнершілердің қатысуымен арнайы аймақ ұйымдастырылып, онда ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған бұйымдар, ұлттық әшекейлер мен дәстүрлі киім элементтері ұсынылды. Бұл ұсынылған тұқымның мәдени құндылығын айқындай түсті.
Моно тұқымды көрменің өткізілуі отандық кинологияның жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті, "Қазақы тазы" ұлттық ит тұқымын танымал етуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан Республикасының мәдени мұрасын әлемдік аренада ілгерілетуге ықпал етті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.