«Самұрық-Қазына» марафонында жиналған қаражатқа жаңа инклюзия кабинеттері ашылады

Астанада төртінші Charity Samruk Marathon қайырымдылық шарасы өтті.

Марафоннан жиналған 250 млн теңге жаңа оқу жылына дейін еліміздегі мектептерде 10 инклюзияны қолдау кабинетін ашуға жұмсалады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Ботаникалық саябақта өткен жарысқа түрлі мамандық иелері мен әр жастағы 3 000 адам қатысты.

«Самұрық-Қазына» қорының ұйымдастыруымен аталған марафон елордада 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру идеясын қолдайтын қатысушылар мен серіктестердің қатары да артуда. Charity Samruk Marathon аясында жиналған қаражат «Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы –  Samruk-Kazyna Trust  қоры арқылы инклюзивті білім беру инфрақұрылымын құруға бағытталады. Бұған дейінгі жарыстардың нәтижесінде елорданың 15 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған еді.

«Жиналған қаражатқа ерекше балаларға арналған 10 жаңа инклюзияны қолдау кабинетін ашамыз. Мұндай жобаларды тиімді іске асыру бойынша тәжірибеміз бен нақты көзқарасымыз бар. Бүгінде осындай марафондардан түскен қаражат есебінен 15 кабинет іске қосылды», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Қайырымдылық марафонына 50-ден астам серіктес ұйым қолдау көрсетті. Олардың қатарында ірі компаниялар (NCOC, Kazzinc, Азиялық Газ құбыры, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, ExxonMobil Kazakhstan және т.б.), спорттық ұйымдар мен медиа өкілдері, т.б. бар.

Биыл марафон бағдарламасы кеңейтіліп, төрт форматты қамтыды: қатысушылар 2,5 шақырым, 5 шақырым және 10 шақырым қашықтықтарға жүгіруден, сондай-ақ 2,5 шақырым қашықтықта скандинавиялық жүрістен бақ сынасты. Жеңімпаздар медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Қатысушылар мен қонақтар үшін тақырыптық аймақтар, шеберлік сабақтары және балалар үшін түрлі белсенді шаралар ұйымдастырылып, игі бастама қаладағы ауқымды оқиғаға айналды.

Экологияға да ерекше көңіл бөлінді: «Таза Қазақстан» акциясы аясында қатысушылар пластик бөтелкелер мен стақандарды өткізіп, орнына сыйлықтар алды.

Қайырымдылық марафонынан бастау алған игі іс бүгінде үлкен шараға айналып, жалғасын тапты. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының қолдауымен Астана, Ақмола және Атырау облыстарында 31 инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Бұл сыныптарда 2 000-нан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала оқып жүр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.