Жаңғырту батысқа жаңа тыныс берді

Батыс Қазақстан облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» республикалық жобасы аясында инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жалғасуда. Бағдарламаны жүзеге асыру бүгінде облыс орталығын ғана емес, ондаған ауылдық елді мекенді қамти отырып, халықтың өмір сапасына айтарлықтай әсер етуде.

Биыл өңірде жалпы құны 16,5 млрд теңгелік 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 2026 жылға 4,7 млрд теңгені игеру жоспарланған. Жобалар 1 113 ша­қырымнан астам электр желілерін және екі қосалқы стансаны қайта жаңғырту, жылу және су құбырларын жаңарту сынды негізгі бағыттарды қамтиды. Жалпы, облыс бойынша 509 шақырым электр желісі, 12,4 шақырым жылу және 5,6 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңарту көзделген. Жобалар Орал қаласы мен 74 ауылды қамтитынын айта кеткен жөн.

Негізгі нысандардың бірі –  Орал қала­сындағы ТМ-7 жылу магистралі. Бұл жерде 35 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан, 80%-дай тозған 1,8 шақырым құбыр ауыс­тырылуда. Жобаның құны – 2,6 млрд теңге. Жұмыс барысында заманауи тех­нологиялар қолданылуда. Құбырлар оқшаулау жүйесімен және ылғалдылықты бақылау датчиктерімен жабдықталып жатыр.

Батыс Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин жаңғырту тек ағымдағы мәселелерді шешуге емес, тұрақты жүйе қалыптастыруға бағыт­талғанын атап өтті.

– Бүгін біз тек құбырларды ауыстырып қана қоймай, жүйенің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін заманауи шешімдерді енгізудеміз. Жұмыстар белгіленген уақыттан бұрын  жүргізілуде және жылыту маусымы бастал­ғанға дейін аяқталады. Бұл – үлкен жүйелі жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Біздің мін­детіміз – же­ке­леген жөндеулерден бүкіл инфрақұры­лым­ды кешенді жаңғыртуға көшу, – деді ол.

Өңірде сонымен қатар жылумен қамту нысандарын жаңарту жүргізілуде. Атап айтқанда, Круглоозерное кентінде және санитарлық мектеп аумағында ескірген қазандықтар автоматтандырылған басқару жүйесі бар заманауи модульдік қондырғыларға ауыстырылды.

– Ескі қазандықтар әлдеқашан өз ресурсын сарқып бітті. Біз апаттармен, ағып кетулермен, газ бен электр энергия­сының артық жұмсалуымен бетпе-бет келдік. Жаңа қазандықтар автоматты ре­жимде жұмыс істейді және ауа темпера­турасына байланысты параметрлерді реттейді. Бұл шығындарды айтарлықтай азайтып, жылумен қамтудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өткен жылыту маусымының өзінде оң нәтиже көрдік. Апат саны азайды, жылу беру тұрақтылығы артты. Алдағы уа­қытта осы үлгі бойынша жаңғыртуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Жайықжылуэнерго» АҚ бас директорының орынбасары Бекболат Камешов.

Су бұру жүйесінде де елеулі өзгерістер болуда. Зачаганск кентінде құны 1,8 млрд теңге болатын №29 канализациялық-сорғы стансасын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 50 мың тұрғын мен 39 әлеуметтік нысан тұр­ақты су бұру қызметімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ жаңа абоненттерді қосу мүмкіндігі пайда болады.

Өңірде ұлттық жобаны іске асыру барысы республикалық деңгейде оң бағаланды. Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі Мирас Зеріпбаев облыстың алғашқылардың бірі болып бастама көтергенін атап өтті.

– Батыс Қазақстан облысы ұлттық бағдарлама аясында пилоттық жобалардың бастамашысы болды. Бұл – өңірдің жүйелі мәселелерді шешуге белсенді түрде қатыса алатынының үлгісі. Бүгінде мұнда жылу, электр энергиясы, сумен қамту және су бұру бағыттарын қамтитын жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай кешенді тәсіл ең жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде инфрақұрылымның тозу деңгейінің төмендеуі мен сенімділігінің артуын көріп отырмыз. Болашақта бұл коммуналдық қызметтердің тұрақты көр­сетілуін қамтамасыз етіп, өңірдің эко­номи­калық өсуіне жағдай жасайды, – деп атап өтті М.Зеріпбаев.

Облыста ең проблемалы салалардың бірі саналатын электр желілері инфрақұры­лымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Мамандардың деректеріне сәйкес, бұрын желілер 82%-ға дейін тозған болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 75%-ды құрайды.

– Қазір ұлттық жоба аясында облыстың алты ауданында және Орал қаласында жалпы сомасы 10,6 млрд теңге болатын жоба­лар жүзеге асырылуда. Жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы шамамен 600 шақырым. Құрылыс-монтаж жұмыстары 44 ауылдық елді мекенде, соның ішінде облыс орталығы аумағында жүргізілуде. Біздің міндетіміз – жекелеген учаскелерді ғана ауыстыру емес, инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту. Жобалар аяқталғаннан кейін электр желілерінің тозу деңгейін 70%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр­мыз. Бұл электрмен жабдықтаудың сенім­ділігін арттырып, апат санын азайтуға және өңірдің әрі қарай дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.

Қазіргі жағдайды талдау өңірдің апаттық әрекеттен жоспарлы жаңғыртуға біртіндеп көшіп жатқанын көрсетеді. Заманауи технологияларды енгізу, автоматтандыру және мониторинг жүйелерін пайдалану тозуды төмендетіп қана қоймай, инфрақұры­лымды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қысқамерзімді перспективада жобаларды іске асыру апаттылық деңгейін төмендетіп, жүздеген мың тұрғын үшін коммуналдық қызметтердің сапасын арттырады. Орта­мерзімді перспективада пайдалану шығын­дарын азайтып, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада өңірдің экономикалық өсуі мен инвес­ти­ция­лық тартымдылығын арттыру үшін қажетті тұ­р­ақты инфрақұрылымдық база қалыптасады.

Осылайша, Батыс Қазақстан облыс­ын­дағы энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту өңір дамуының негізгі факторына айналып, тұрақты болашақ пен халықтың өмір сапасын арттырудың негізін қалыптастырады.

Аида ҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы