Блогерлердің аспанын қара бұлт торлап келе жатқанға ұқсайды. Бұл тек бастамасы: Үкімет пен Мәжіліс онлайн курстарды ауыздықтайтын екі бірдей заң жобасын талқылап жатыр. Мұның сыртында инфлюенсерлерге ұтыс ойындарын жүргізуге тыйым салатын, талаптарды қатайтатын құқықтық құрсаулар топтамасы пысықталу үстінде. Мемлекет ғаламтордағы «сөз серкелерін» қалай тәртіпке келтірмек?
Жасырын табыстың «жүгі» ауыр
Қазір белгілі блогердің бәрі дерлік кәсіпкерлігін ресми тіркеген. Тіпті, тұрақты түрде салығын төлеп келеді. Соған қарамастан көбіне тексеру қаупі төніп тұр. Мысалы, елдің салық органы – Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) инфлюенсерлердің 72 млрд теңге кірісін жасырғанын әшкерелеп, 1 500-ден астам хабарлама жібергені белгілі болды. Қарыз берешегі қайдан шыққан? Салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың түсіндіруінше, блогинг, жарнамадан табыс, контентті монетизациялау мен донаттар жинауды салық органы кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырады. Сарапшы кез келген экономикалық пайда, қаражаттың алыну нысанына қарамастан, фискалдық ұйымның қызығушылығын тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Кейбір инфлюенсер, мысалы жарнамадан тапқан пайдасынан ғана салық төлейді де, басқа қаржы көздеріне қатысты алым-салық төлеу түгіл, тіпті оны декларациясында көрсетуді «ұмытып» кетеді екен. Ал қазір салықшылар жасанды интеллект көмегімен кімнің шотына ай сайын қанша ақша түсетінін алақанға салғандай көріп отыр. Сарапшы бүгінде мемлекеттің өзін бизнес ретінде танығанын блогерлердің түсінуі маңызды екеніне назар аудартты. Бизнесмендер болса, әрбір кірісі мен шығысын қаттап-шоттап, МКК-ге тоқсан, жартыжылдық және жыл сайын мұқият есеп беріп отырады.
Салықшылар блогинг осы ғасыр басындағыдай тек көңіл көтеретін, көкейге лықсып келген ойды елмен бөлісетін жай ермек емес, енді көл-көсір табыс әкелетін бизнес нысаны екенін жақсы біледі. Демек, бүгінгінің блогері – ел аралап, сый-сияпат пен құрмет-қошеметтің буына мас болып, емін-еркін, қамсыз жүретін кешегінің сал-серісі емес. Ол – тапқан-таянғанының әр тиынына дейін тап-тұйнақтай есеп беріп, мемлекет қазынасына міндетті салығын мүлтіксіз төлейтін іскер тұлға. Өзін солай ұстамаса, салық мәдениетін паш етіп, тәртіпке бағынбаса, алдымен түсі суық хабарлама, оның ізімен тексеруші ревизорлар келеді. Төленуге тиіс бастапқы салық «жете есептеулермен», айыппұлдармен және өсімпұлмен еселенеді. Мұнымен шектелмей, шоттарды бұғаттауға және елден шығуға тыйым салуға дейінгі шектеулер енгізілуі мүмкін.
– Мынаны ұғынған жөн: блогинг әлдеқашан жай ғана хобби болудан қалды. Стористегі жарнама, интеграциялар, коллаб, шолулар, промокодтар, классикалық, амбассадорлық, нативті жарнама, YouTube-монетизация, донаттар, серіктестік төлемдер – мұның бәрін салықшылар табыс қайнары деп таниды. Мұның қайсысы нақты табыс әкелгенін, қайсысы тек уақытты зая еткенін инфлюенсердің өзі дәлелдеуі қажет, – деді салық сарапшысы.
Курстарға да «фильтр» қойылады
Блогерлерге қатысты талаптар тек күшейе беретінін Сенатқа жолдаған жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов растады. Оның хабарлауынша, осы мақсатта «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді.
– Аталған заң жобаларына бірқатар жаңашыл норма енгізілді. Атап айтқанда, онлайн-платформа өзінде орналастырылған құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамаса, ол үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу ұсынылды. Бұдан бөлек, кез келген салада білім беру курстарын ұйымдастыру үшін ол адамның сол мамандыққа қатысты білімінің болуы талап етілмек. Оқыту материалдарынан тұратын контентті, курстарды тарататын онлайн-платформа төл пайдаланушыларынан тиісті білімінің бары туралы хабарлама жазуды, диплом, сертификат деректерін көрсетуді талап етуге міндеттеледі, – деді Премьер-министр О.Бектенов. Ол Үкіметтің осы саланы реттеу жұмысын жалғастыратынына уәде етті.
Әрине, бұл заң жобаларын талқылап, қабылдау барысында депутаттар да оны жаңа талаптармен, шектеу-тыйымдармен толықтырары даусыз. Бұл ретте Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов өз ведомствосының да онлайн-казиноны жарнамалайтын және күмәнді гивтер өткізетін блогерлердің теріс әрекеттеріне тосқауыл қоюға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірлегені жөнінде құлағдар етті.
Қазақстанда онлайн-казино қызметіне де, оны жарнамалауға да «Ойын бизнесі туралы» (6-баптың 1-тармағы) және «Жарнама туралы» (6-баптың 5-1-тармағы) заңдарымен тыйым салынған. Тыйым болғанымен, тегеуріні болбыр: насихаттаушылар айыппұлмен шектеледі. ҚМА мамандарының пайымдауынша, халық арасында құмар ойындардың кең таралуына интернеттегі агрессивті жарнама ықпал етеді. Көбіне жазылушылары мол блогерлер азаматтарды онлайн-казинолармен еліктіріп, одан қомақты табыс табады. 2025 жылдан агенттік заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалаумен айналысқан 37 блогерді тапты. Олар айыппұл төлеп құтылған. Соның салдарынан кейбірі онлайн-казиноларды ілгерілету ісін әрі қарай жалғастырады.
«Көпшілігі заңды бірреттік емес, жүйелі түрде бұзады. Мәселен, хип-хоп орындаушы Baller (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) 2025 жылдан бері осы бұзушылығы үшін 5 рет жауапқа тартылды! Музыкант-блогер Р.Шамшыраққа (@rinat_shamshyrak) қатысты онлайн-казиноны жарнамалау фактісі бойынша 2 рет әкімшілік іс қозғалды. Блогер Н.Тұрғанов парақшасында (@Niko_nett) бірнеше рет онлайн-казиноның жарнамасын орналастырған, сол үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылды», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Stories-тен сотқа дейін бір қадам?
Ведомство блогерлердің онлайн-казино жарнамасы үшін мол сыйақы алатыны туралы ақпаратын бөлісті: инфлюенсер Қайсар Қамза 100 миллион теңгедей заңсыз табыс тапқан деген күдікке ілікті. Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам алыпты. ҚМА дерегінше, Нұрғазы Тоқтаров (Nakonay Qarapaiym) әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында белсенді науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығына сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.
– Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнамада онлайн-казино жарнамасы үшін тікелей жауапкершілік жоқ екенін атап өту қажет. ӘҚБтК-нің 455-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңмен тыйым салынған қызметті жарнамалау үшін ғана әкімшілік санкциялар қолданылады. Ол үшін айыппұл 60-тан 400 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Небәрі 259,5 мың теңгеден басталады. Құмар онлайн-ойындарды жарнамалайтын тұлғалардың алатын пайдасы бұл шығынды артығымен өтейді. Бұл оларды заңсыз қызметті жалғастыруға ынталандырады, – дейді ҚМА мамандары.
Ведомство бұл істе қыздар да белсенді екеніне қынжыла назар аудартты. «Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небәрі 350 мың теңгеге бағалаған. Оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр! Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі. Онлайн-казиноның жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын, қаншама отбасының түбіне жететін қасірет екенін біле тұра, осы тұлғалар адамдардың тағдырына немқұрайды қарап, шаңырақтардың күйреуіне себеп болып жатыр. Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұл төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр», – дейді ҚМА.
Осыған байланысты агенттік бұдан былай мұндай әрекеттерді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне «көмектесуші» ретінде қарастыруға ниетті. Сондай-ақ қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді.
Казино-промо жасау – басына бәле тілеу
Масс-медиада, сондай-ақ онлайн-платформаларда, интернет жүйесінде орналастырылған өнімдердің қолданыстағы заңнама талаптарын бұзбауын, қайшы келмеуін анықтау тұрғысынан мониторинг жүргізу Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүктелген. Ведомство 2025 жыл қорытындысында әлеуметтік желіде электрондық казиноны және интернет-казиноның жарнамасын жүзеге асыратын 34 748 материалды әшкерелепті. Осыған орай уәкілетті орган 14 419 интернет-ресурс пен сілтемеге қол жеткізуді шектеу туралы 297 ұйғарым шығарды. Интернет-ресурстарға 44 құқыққа қайшы материалдардың бары жөнінде 28 ескерту хаты жіберілді.
Сонымен бірге 2025 жылы әлеуметтік желіде қаржылық пирамида қызметін ілгері бастыратын 13 518 материал анықталған екен. Уәкілетті орган 3 766 интернет-ресурс пен сілтемені бұғаттау туралы 87 ұйғарым шығарды. Интернет-ресурстарға 32 құқыққа қайшы материалдарға қатысты 4 ескерту хатын жолдады.
Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жауапкершілікті енгізу (қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін көзделген ҚР ҚК 217-1-бабына ұқсас) және заңсыз ойын бизнесі қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулер әзірлеп, Әділет министрлігіне жолдады. Оларды талқылау Әділет министрлігі жанындағы жұмыс тобы аясында жалғасқан.
Нақтылағанда, агенттік біріншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) арнайы норманы – 455-1-бапты енгізіп, жарнама үшін алынған табысты тегіс тәркілеуді, құқықбұзушылық қайталанса, сол табыстың 200%-ынан 400%-ына дейінгі мөлшерде айыппұл салуды ұсынды. Екіншіден, Қылмыстық кодекске «Заңсыз ойын бизнесін жарнамалау» деген жеке 307-1-бап енгізілуі мүмкін. Бұл іс-әрекеттер ірі мөлшерде табыс табумен (1000 АЕК), сондай-ақ ірі залал келтірумен (азаматтарға – 1000 АЕК, ұйымдарға, мемлекетке – 5000 АЕК) байланысты болса немесе ауыр зардаптарға – өлімге, өзіне-өзі қол жұмсауға, басқасына әкеп соқса, қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Үшіншіден, «адамдар тобымен жасау», «бірнеше рет жасау», «адамның өз қызметтік жағдайын пайдалануы» сияқты қосымша саралау белгілерін, сондай-ақ аса ірі мөлшердегі табыспен (5 000 АЕК немесе биыл 21,6 миллион теңгеден астам) жасалған құқықбұзушылық үшін бөлек жауапкершілікті қарастыру ұсынылды. ҚМА ақпараты бойынша бұл бастамалар тұжырымдамалық тұрғыдан Президент Әкімшілігінің қолдауын тапты. Агенттікке Бас прокуратурамен, Әділет және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, оларды пысықтау тапсырылды.
Қорыта айтқанда, ондаған миллиард жасырын табыстың әшкере болуы блоггинг дәуіріндегі бейберекетсіздік пен бассыздыққа нүкте қоюы мүмкін. Бұл сала заңнан ада еркін ойын алаңы емес, мемлекеттік бақылаудағы үлкен бизнеске айналмақ. Заң талабы қатал: әрбір тиын мен әрбір контент есептілікті қажет етеді. Алайда мәселе тек салықта емес, азаматтық жауапкершілікте. Үкімет пен Парламент онлайн-контентті, жарнама нарығын реттеуді күшейту арқылы инфлюенсерлер қызметін заң шеңберіне түсірмек. Демек, блогерлердің әрбір сөзі мен жарнамасы үшін жауапкершілік арқалайтын кезі келді. Себебі экранның арғы жағында оларға қалтқысыз сенетін миллиондаған жазылушының тағдыры мен сенімі тұр.
Елдос СЕНБАЙ