Түркістан сақшылары: жаңа әлем – жаңа жанр

Енді қазақ анимациясында жаңа форматта түсірілген мультфильм бар. Ол – «Түркістан сақшылары» деп аталатын туынды. Бұл жай ғана мультфильм емес, өскелең ұрпаққа ұлттық болмысты цифрлық дәуірмен сабақтастырған, өскелең ұрпақтың санасына сәуле түсіретін заманауи жоба.

Жаңа анимациялық өнімнің өзегі – тәрбие, таным және технология. «Түркістан сақшылары» балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тарихи сананы жаңғырту, сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды көздейді. Тың туындыны әзірлеу барысында авторлар ChatGPT, RunwayML, Kling AI, Hydra AI, ElevenLabs секілді заманауи ЖИ құралдарын пайдаланып, нәтижесінде толыққанды 3D форматтағы, мазмұны терең, көркемдік шешімі айқын мультфильм ұсынды.

Мультфильмнің сюжеті Түркістан өңірін қасаң ойдан, теріс әрекеттен қорғау идеясына құрылған. Әрі киелі мекеннің көрікті жерлерін аралап, бүлдіршіндерге туристік әлеуетін таныстырады. Ал кейіпкерлер ше? Ақпантер – барыс, Алтынқанат – қыран, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған данагөй тасбақа. Мұндай кейіпкерлер тектен-текке таңдалмаған. Олардың қазақтың таным-түсінігінен, дүниетанымында бұрыннан бар екені белгілі. Жоба авторы, IT маманы Ғасыр Құралбайұлының айтуынша, Барыс пен Қыран еліміздің «Қызыл кітабына» енген, ерекше қастерлейтін жануар, құсымыз. Сондай-ақ Туымызда бейнеленген қыранды насихаттауды да назарға ілген. Алдағы уақытта жобаның тағы 10 сериясы жарыққа шығады. Онда Түркістан өңірінің өмірімен тығыз байланысты кейіпкерлермен толығады. 

Ғасыр Құралбайұлы бұл бастаманы шығар­машылық қадамнан бастап, тұтас бір саланың көкжиегін кеңейтетін жаңа мүмкіндік деп бағалайды. Расында да, бұрын «инемен құдық қазғандай» еңбекпен жасалатын анимация енді жаңа технологияның арқасында жеңілдей түсті. Қыруар қаржы мен уақытты талап ететін процесс енді әлдеқайда икемді әрі қолжетімді бола бастады. ЖИ-дің жетілдірілген нұсқасын кәдеге жаратқан жоба авторлары бастаманы жүзеге асыруға түрткі болған ой мен жасанды зерденің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тарқата айтты. Шығармашылық топ бұл мультфильмді жасауға бас-аяғы 10 күнін арнаған. Анимацияның саундтрегін ақын Құрал Көмек жазса, кейіп­керлерді Түркістан театрының актерлері дыбыс­таған. Автордың айтуынша, ЖИ арқылы мульт­фильм жасау отандық контентке де серпіліс бе­реді. Ол үшін жасанды зердеде қазақтың төл әріп­терін жиі қолданып, оны меңгеруіне жұмыла кіріскен жөн.

«Болашақта кинотеатрлардан тек жасанды интеллект көмегімен жасалған мультфильмдер мен фильмдерді көретін күн алыс емес деген пікірді ғалымдар жиі айтатын. Бұрын мұндай ой маған тосын, тіпті сәл қиялға ұқсап көрінетін. Сөйтіп, Қазақстанда қазақ тілінде алғаш рет жасанды интеллект арқылы мультфильм жасауды ұсындым. Мультфильмді жасау барысында ЖИ-дің қазақ тіліндегі төл әріптерді бірден дәл түсіне қоймайтынын аңғардық. Дегенмен промттарды түрлендіріп, арнайы дизайндық шешімдер арқы­лы осы кедергілерді еңсеруге тырыстық. Кей тұста ЖИ қалаған мимика мен әрекетті дәл бере алмай, шығармашылық ізденісті талап етті. Сонда да болашақта промттар өңделіп, қайта оқылып сапалы бейнелер шығатынына сенемін. Сонымен қатар жобаны YouTube платформасында апта сайын тұрақты түрде жариялап, монети­зацияға қосу да жоспарда бар. Бұл бір жағынан автор үшін табыс көзі болса, екінші жағынан көрермен үшін сапалы, мазмұнды контенттің үздіксіз ұсынылуына жол ашады», – деді ол.

Мемлекет басшысының: «Біз еңбекқор, білімді, отаншыл әрі заманауи технологияларды меңгерген ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», – деген сөзі дәл осындай жобалардың мәнін айқындай түседі. Биыл елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – осындай бас­тамаларға серпін берген тарихи кезең. Осы бағытта түсірілген «Түркістан сақшылары» мультфильмінің жалпы ұзақтығы – 50 минут. Бұл туынды тек көңіл көтеру құралы емес, тәрбиелік, танымдық, идеологиялық мәні бар өнім. Онда балаларға туған жерді сүю, тарихи мұраны құрметтеу, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты құндылықтар көркем тіл­мен жеткізіледі. Сонымен қатар жоба «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету аясында жүзеге асырылып, жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бір қызығы, бұл жоба көрерменге жол тартпай тұрып-ақ психолог мамандардың сараптамасынан өткен. Олар туындының мазмұнын әр жас ерек­шелігіне сай жіті талдап, кейіпкерлердің әрекеті мен оқиға желісіне жан-жақты баға берді. Сарап­тама нәтижесінде мультфильмді 9 жастан бастап көруге болатындығы анықталды. Сонымен қатар ата-аналарға балаларына қандай мазмұндағы контент ұсынған жөн екені туралы нақты ұсы­ным­дар берілді. Психологтардың оң қорытын­дысы анимацияның балалар үшін қауіпсіз екенін ғана емес, оның тәрбиелік әлеуетінің жоғары екенін де айқындап берді. Жоба жас көрерменнің жас ерекшелігін ескере отырып, тарихи сананы дәріптеуге бағытталған. Осы ретте Психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Гүлмира Төленова жаңа жобаның балаларға берері мол екенін атап өтті.

– Бұл мультсериал облысымыздын түкпір-түкпірінде жатқан тарихи құндылығымызды құрметтеуге, елге, жерге деген патриоттық сезім­дерді оятуға көп көмегін тигізеді. Мульфильмді көрген кезде әр баланың алатын әсері бойындағы жат қылықты жеңіп, жақсы қылықтарға ауыстыра алатындай сезім қалыптастыра алады, – дейді психолог. 

Уақытша әсер бермейтін, құр қиялға құ­ры­лмаған жобаның тәрбиелік мәні терең, мазмұны сараптан өткен, жас ұрпақтың дүниетанымына оң ықпал етуді көздеген сапалы туынды. Оның өзегінде ұлттық рухты бекемдеу идеясы жатыр. Мультфильм желісі арқылы жас көрерменге көзге көрінбейтін, бірақ қазіргі қоғамда өмір үшін аса маңызды ұғымдар: табиғатты аялау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке жауапкершілік секілді құндылықтар бейнелі тәсілмен жеткізіледі. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі адамзат өміріне тың өзгерістер әкелген кезеңде дүниеге келген бұл жоба – уақыт сұранысына берілген лайықты жауап. Заманауи технология­ның мүмкіндігі мен ұлттық мазмұнның үйлесуі балаларға арналған контенттің жаңа сапалық деңгейін айқындайды. 

«Түркістан сақшылары» жарық көргелі бері жасөспірімдер арасында жасанды интеллект арқылы мультфильм жасауға деген қызығу­шылықтың айтарлықтай артқаны байқалады. Әлеуметтік желідегі пікірлердің өзінен-ақ жаңа буынның технология мен шығармашылықты ұштастыруға деген ынтасы сезіледі. Жоба авторы Ғасыр Құралбайұлы осы бағытта ізденгісі келетін жастарға тек технологиямен шектеліп қалмай, идеялық тереңдікке мән беруге кеңес береді. Оның пікірінше, сапалы туынды жасау үшін әлемдік және отандық үздік мультфильмдерді көріп, олардың көркемдік шешімі мен мазмұнын саралай білу аса маңызды. Өйткені нағыз шығармашылық көргенді көңілге тоқып, жаңаша ой түзе білуде жатыр. Ал Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен дүниеге келген тұңғыш мультфильмнің авторы бұл жетістікпен шектеліп қалмақ емес. Ол алдағы уақытта да балалардың бойына өр рух, ұлттық мінез, қазақы тәлім-тәрбие сіңіретін жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Айта кетерлігі, бүгін аталған туын­дының жалғасы «Түркістанға төнген қаражелен» атты екінші сериясы көрерменге жол тартады. 

– Бұл жоба арқылы біз балаларға астарында тәрбиелік мәні бар анимациялық месседждер ұсынғымыз келеді. Қаланың тазалығын сақтау, лудомания секілді зиянды әдеттерден аулақ болу, адал жолмен жүру – мұның бәрі кейіпкерлер әрекеті арқылы табиғи түрде жеткізіледі. Со­нымен қатар Түркістанның туристік әлеуетін де кеңінен танытуды көздейміз: Созақтың күйлері, Қазығұрттың асқақ таулары, Мақта­арал­дың шырайлы өңірі – бәрі де көркем бейнемен көрерменге жол табады. Кең-байтақ даламыздың көрікті мекендерін көрсетіп, сол арқылы тарихы­мызды сөйлеткіміз келеді. Ал болашаққа келсек, қыруар қаржы мен айлар бойғы еңбекті қажет ететін дәстүрлі анимация кезеңі біртіндеп артта қалуы мүмкін. Жасанды интеллект мүм­кіндіктері арқылы кейіпкерлерді кез келген уа­қытта өзгер­тіп, жаңа бейнелерді жедел жасауға жол ашылады. Бұл – шығармашылық еркіндік пен уақыт үнем­деудің жаңа дәуірі, – деді ол.

Бұл жоба бұған дейін телехикая форматында жарық көріп, алдыңғы үш бөлімі қалың көрер­меннің ықыласына бөленген еді. Былтыр «Тұ­мар» ұлттық телевизиялық бәйгесінде «Ең үздік балалар тележобасы» аталымына ие болды. Биыл толықметражы жарық көрмек. Атауы айтып тұр­ғандай, кейіпкерлер Түркістан аумағын қорғап, тарихи-мәдени жерлерін аралайды. Авторлар бұл шығарма арқылы тарихымызды дәріптеуді мақ­сат еткенін айтады. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ