Халық әртісі, актриса Меруерт Өтекешова журналист Майя Бекбаеваға сұхбат берді, – деп жазды Aikyn.kz.
Белгілі болғандай, актриса «Қыз Жібек» фильмін қайта қалпына келтіруге атсалысқан. Кинотаспаның сапасы нашарлап, фильмді жоғалтып алу қаупі туғанда актриса оны қалпына келтіру үшін қайырымдылық қорын ашып, демеуші іздеген.
Демеуші табылған соң, Мәскеуге хабарласып, кинотаспаны елге алып келгенін айтты. Бұл шамамен 1995 жылдарда болған.
«Қазір камзолды айтып жатырмыз. Ол кезде фильмді жоғалтып алу қаупі болды. Бұл үлкен мәселе еді», - дейді Халық әртісі.
Сонымен қатар актриса "Қыз Жібек" фильмінде өзі киген камзолды араға көп жыл салып Баян Алагөзованың үстінен көргенде таңғалғанын атап өтті.
Айтуынша, қайта құру жылдары кино түсіріліміндегі көптеген киім жоғалып кеткен. Камзол осынша уақыт сақталғанына қуанғанын, енді оны халықтың мұрасы ретінде музейге тапсыру қажет екенін айтты.
Айта кетейік, Баян Алагөзова камзолды музейге өткізетінін жеткізген еді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.