«Даму» қоры шағын қалалар мен ауылдарда бизнесті қолдау үшін мобильді фронт-офистерді іске қосады

Бастама Мемлекет басшысының ШОБ-ты қолдау шараларымен қамту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Үкіметтің қолдауымен іске асырылуда.

 «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шалғай қалалар мен аудан орталықтарында бизнес үшін мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді арттыруға арналған мобильді фронт-офистерді іске қосады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді консультациялар өткізу, сондай-ақ жергілікті жерде өтінім қабылдау арқылы «Бәйтерек» холдингі іске асыратын мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету.

Бастама шеңберінде Қордың консультанттары әкімдіктердің, «Атамекен» ҰКП және ЕДБ өкілдерімен бірлесіп, шалғай өңірлерге барады. Мобильді топтар моноқалалар мен аудан орталықтарын, ауылдарды қамтиды. Бұл әсіресе ауылдар мен шағын қалалардан кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларына тартуға бағытталған «Іскер аймақ» өңірлік бағдарламасын іске асыру жағдайында өзекті болып отыр. Бағдарлама шикізатты жергілікті өңдеуді дамыту арқылы өңірлердің әлеуетін нақты өндірістік қуатқа айналдыруға көмектеседі.

Кәсіпкерлерге «Даму» қоры ғана емес, «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай фронт-офисі шеңберінде Қазақстанның Даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Экспорттық-кредиттік агенттік және Qazaqstan Investment Corporation секілді басқа да еншілес ұйымдары да түйінді қолдау шараларын ұсынады:

  • кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау;
  • кепіл жеткіліксіз болған кезде қарыздарға кепілдік беру;
  • мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдікпен кредиттеу;
  • лизингтік қаржыландыру құралдары;
  • жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған микроқаржыландыру құралдары;
  • экспорттық жобаларды қолдау құралдары;
  • өңдеу саласын және лизингті қолдау;
  • қаржысыз қолдау-оқыту, кеңес беру және жобаларды қолдау.

Мобильді фронт-офистер Қазақстанның 17 өңірінде (Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда) бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді. Сапарлар апта сайын ұйымдастырылғанмен, сұранысқа, кәсіпкерлік белсенділік деңгейіне байланысты жиілеуі мүмкін. Шығу кестесі Қордың сайты мен әлеуметтік желілерінде күні бұрын жарияланып отырады.

Жобаны іске асыру қала мен ауыл арасындағы географиялық кедергілерді жоя отырып, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді, ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл кәсіпкерлері ірі қалалардағы бизнес сияқты мүмкіндіктер мен құралдарға қол жеткізе алады. Бұл бүкіл ел бойынша кәсіпкерліктің біркелкі дамуына ықпал етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.