Қуатты армия – бейбітшілік кепілі

Әдетте түрлі мейрам мен кәсіби мереке өткенді саралап, келешектің қа­лай болмағын ой елегінен өткізіп, болжауға ыңғайлы сәт сана­ла­тыны бар.

Әсіресе, мұндай дәстүр ақ­парат­тық кеңістікте мықтап орныққан. 7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде де бұл дәс­түр­ден жаңы­лып көрмедік. Оның үстіне, жаһандағы геосаяси ахуал күн санап емес, са­ғат сайын құбылып тұрған, қым-қуыт шақта өмір сүріп жатырмыз. Демек, Қазақстанның қор­ғаныс қабілетін ойша саралап, бағалаудың ар­тықтығы болмаса керек.

2023 жылы өткен бүкілармиялық кеңес­те Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас Қол­басшы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде Армияның рө­лі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қор­ғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақ­пен, озық технологиямен жабдық­талуы басты факторға айналды. Әскердің бі­лікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәти­жесіне тікелей әсер етеді. Армия осы та­лап­қа сай болса, өз міндетін ойдағыдай ат­қарады, – деген еді. Осылайша, заманауи әлемде Қарулы Күштерге қойылатын та­лаптың да күшейгенін меңзеген болатын. 

Ал қандай да бір мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен әскери әлеуетін рейтингтер­мен, статистикалармен өлшеп, бағалау мүм­кін емес. Өйткені «елдің қорғаныс әлеуеті» деген кең, кешенді ұғым. Оған ау­мақтың өлшемі, экономиканың мүм­кін­діктері, соның ішінде өндірістердің болуы, жоғары технология, қаржы секторы, жол, әуежайлар, айлақтар, байланыс тәрізді инф­рақұрылым, демографиялық ахуал, ақпараттық кеңістіктегі үлес, тіпті ха­лық­тың көңіл күйі тәрізді сансыз факторлар кі­реді. Сондықтан әдетте SIPRI, Global Fire Power тәрізді зерттеу орталықтары ұсы­натын мәліметтерге бірден сену жөн бол­майды. Әрине, Стокгольмдегі бей­біт­ші­лік мәселелерін зерттеудің халықаралық институтының (SIPRI) сараптамалары мен берген бағасының бәсі жоғары екені рас. Себебі ондағы ғалымдар кешенді талдау, сараптама жасайды. Дегенмен әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарулы қақтығыстар мен жанжалдар қандай да бір елдің қор­ға­ныс қабілетін таразыға тартуы мүмкін еке­нін көрсетеді. Дүниежүзінде әскери қуа­ты жағынан бірінші орында тұрған АҚШ Иранмен соғысып жатыр әрі әу бас­тағы жоспардың күлі көкке ұшқанға ұқ­сай­ды. Қуаты жағынан әлі де болса екінші орын­да тұр деп есептелетін Ресей Украина жерінде соғыс батпағына батып қалды. Ал бұл мысалдар әскери қуаттың рейтингпен өлшенбейтінін, шындап келсе, халықтың Отан қорғау жолындағы жанкештілігіне тіке­лей байланысты болуы мүмкін екенін көр­сетеді. Сол себепті Қазақстанның қор­ға­ныс қабілетіне баға беру де оңай емес. Де­генмен Қазақ армиясының мүмкін­дік­тері, жауынгерлік даярлығы көштен қалып жат­қан жоқ. 

Жалпы, елдің қорғаныс әлеуетін арт­тыру Қарулы Күштерді қаржыландырудан бас­тап, мектеп пен отбасындағы тәжіри­бе­ге дейінгі факторларды қамтиды. Алайда ал­дыңғы қатарға қаржыландыру шыға­ты­нын жасырудың қажеті жоқ. Қаржы бол­ма­са заманауи техника мен қару-жарақ са­тып алу, оларды өндіретін кәсіпорын ашу, әскери жаттығу, жаспөспірімдердің пат­риоттық сезімін бекемдеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру да мүмкін емес. Оның үстіне, жаһан жұрты қаруланып жатыр. Біз сөз еткен SIPRI зерттеулеріне сен­сек, 2025 жылы әлем елдерінің әскери мақсаттағы шығындарының көлемі 2 триллион 887 миллиард долларға жетіпті. Бұл дегеніңіз 2024 жылғы көрсеткіштен 2,9 пайызға көп. Әрі жаһан елдерінің біріккен жал­пы ішкі өнімінің 2,5 пайызын құрап отыр. Яғни, Римнің әскери теоретигі Пуб­лий Флавий Вегеций айтқан Si vis pacem, para bellum – «Бейбітшілікті қаласаң, со­ғыс­қа даярлан» дейтін тәмсілдің дәурені жүре бас­тағанға ұқсайды. Вегецийдің айтқаны мық­ты экономика, қуатты армия, сенімді қор­ғаныс сізге көз алартатындар қатарын сире­тетінін меңзейтін тәмсіл еді. Бәлкім, содан болар, әлемде қорғанысқа назар ау­дару қарқынды жүріп жатыр. 

Қазақстан да бұл бағытқа айрықша көңіл бөлді. 2026 жылы күш құрылымдарын қар­жыландыруға жалпы ішкі өнімнің 1 пайы­зын бөлуге бел буды. Бұл дегеніңіз ша­мамен 3 триллион теңге әрі былтырғыға қара­ғанда 335 млрд теңгеге көп. Бұл қаржы Қарулы Күштер мен өзге әскериленген құры­лымдардың даярлығын арттыруға ғана емес, заманауи жүйелерді енгізуге жұм­­­­­салады. Яғни, армияға дрондар, әуе қор­ғанысы кешендері, жаңа ұшақтар са­тып алуға бағытталуы мүмкін. Оны Қор­ға­ныс министрінің орынбасары Асқар Мұс­­­табе­ковтің де атап өткені бар. «Бұл қаржы қа­ру-жарақты модернизациялау мен жаңа түр­лерін сатып алуға бағытталады. Өз­де­ріңіз білесіздер, қазір жаңа қару-жарақтар, атап айтқанда, ұшқышсыз ұшатын ап­па­раттар жасалып жатыр. Сонымен бірге бұл қаржы авиацияны модернизациялауға жә­не әуе қорғанысына қажет жаңа техника са­тып алуға жұмсалады», – деді вице-ми­нистр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан өз хал-қадірінше армияны заманауи деңгейде ұстауға, жаңа қару-жарақ сатып алуға, отансүйгіштікті насихаттауға барын салып жа­тыр. Әрі әскери техника мен қару-жарақ түр­леріне байланысты мәліметтерді ашық ай­туды да құп көрмейді. Әйтпесе, Қарулы Күш­терде тәуір дүниелер бар. Қорғаныс өнер­кәсібі кешені де дамып келеді.

Қорғаныс өнеркәсібі дегеннен шыға­ды, қазір Қазақстанда әскери және қос мақ­саттағы өнім шығаратын түрлі дең­гей­дегі 124 кәсіпорын бар. Әрине, оның бар­лы­ғы көңілден шығады деу қиын. Бірақ ел­дің қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қо­сатын компаниялар аз емес. Бір ғана Kazakhstan Engineering ұлттық компания­сына қарасты кәсіпорындар елдің қор­ға­ныс қабілетін арттыруға теңдессіз үлес қо­сып келеді. Жаңадан ашылып жатқан кә­сіпорындар да бар. Айталық, былтыр Қа­зақстан нарығына MRAP жүйесі бар бронды көлік шығаратын жаңа кәсіпорын қосылды. Түркия мен Қытай техно­ло­гия­лары негізінде Aibar, Taimas атты жаңа брон­ды көліктер өндіріліп жатыр. Одан бө­лек, KPE-нің «Арлан», «Алан», «Барыс» кө­ліктері бар. Сонымен қатар танк, бро­нот­ранспортер қатарлы бронетехника жөн­деу мен модернизациялау, әуе қор­ға­ны­сы кешендерін, ұшақтар мен тікұшақ­тарды жөндеу, қызмет көрсету, кеме жасау, радиоэлектроника мен байланыс, оқ-дәрі жасау бағытында жұмыс істейтін зауыт­та­рымыз бар. Anka S ұшқышсыз ұшатын ап­­­­параттарын құрастыру бойынша Түр­киямен келісімге келгеніміз тағы бар. Мұн­дай аппараттардың бірнешеуін қазақ жауынгерлері пайдаланып та жүр. «Сұң­қар», «Шағала» тәрізді отандық дрондары­мыз да қолданылып жатыр. FPV, оптика­лық-талшықты дрондарды әскеріміз қолдануда. Олардың бірқатары елі­міз­де құрастырылады.

Мұны ел қорғанысының қаржылық, тех­никалық сипаты деп бағаласақ, одан бө­лек адами фактор да назардан тыс қалған емес. Қанша күмән келтіргенімізбен, Global Fire Power рейтингі Қазақстанның әс­кери қуатын әлем елдерінің ішінде 58-орынға жайғастырыпты. 50-ден астам та­­лапқа сүйене отырып жасалатын рей­тинг­тің де айтары жоқ емес. Ондағы мә­лімет­тердің бірқатары шынайы жағдайды көр­сетеді. Айталық, бұл рейтингте Қа­зақ­станда 110 мың жауынгер бар екені көр­сетілген. Қарулы Күштер, Шекара қызметі, Ұлт­тық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі тәрізді құрылымдардың сарбаздарының жал­пы саны сол мөлшерде екені рас. Олар­дың 70 пайызға жуығы келісімшарт не­гі­зін­де жұмыс істейтін кәсіби жауынгерлер. 42-44 мыңы жыл сайын мерзімді әскери боры­шын өтейтін азаматтар. 

Сарбаздардың әлеуметтік қорғалуына да көп көңіл бөлінеді. Мерзімді әскери қыз­метін аяқтаған жастардың оқуға түсуіне мүм­кіндіктер қарастырылды. Биылдың өзінде мыңнан астам жауынгер білім гран­тына ие болды. 2023 жылдан бері жұ­мыс істеп тұрған «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйе­сі әскери борышын өтеген азамат­тар­дың білім грантына ие болуына мүмкіндік жасап отыр. Оған 2023-2025 жылдары 180 мыңнан астам адам тіркелген. Тек 2025 жыл­дың көктемінің өзінде осы жүйе арқы­лы 18 мың адам грантқа ие болды. 

Сонымен қатар резервтік қызмет те рет­телді. Аумақтық қорғаныс жүйесі де то­лық жасақталып бітті. 

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу де назардан тыс қалған жоқ. «Айбын» ха­лық­аралық әскери-патриоттық жиыны тә­різді жобалар өміршеңдігін көрсетіп ке­леді. 

2025 жылы Қазақстан Қарулы күштері 60 мыңнан астам жаттығу, әскери даярлық іс-шарасын өткізді. Соның ішінде 17 мың­нан астамы түнде ұйымдастырылды. «Ай­балта», «Десант», «Жауынгерлік достас­тық», «Каспий бризі» қатарлы жаттығулар ұйымдастырылды. Бітімгерлеріміз Голан жоталарындағы қызметін жалғастырды. Түрлі жаттығу, іс-шара үздіксіз жалғасып жатыр. 

Мұның барлығы азат елдің тыныштығы жо­лында жасалып жатқан қадамдар әрі «қор­ғаныс» ұғымының өзі жан-жақты еке­ніне нақты дәлел бола алады. Отан қор­ғаушы күні қарсаңында бұл тақырыпқа оралу арқылы біз Қазақ армиясының әлеуе­тіне бір шолу жасап, жетістіктерін мақ­тан етуді көздедік. Өйткені «жақсының жақ­сылығын айтпақ» керек. 

Ардақ СҰЛТАН