Айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды. Бұл – оның майдандағы теңдессіз батырлығы мен ел алдындағы адал қызметінің лайықты бағасы.
Кенжебай Мәденұлы 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қаракөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Болашақ батыр небәрі 18 жасқа толар-толмас кезінде, 1943 жылдың 8 қаңтарында, өз еркімен Қызыл Армия қатарына қосылады. Сол жылдың қарашасында жаяу әскер училищесін тәмамдап, үшінші Украина майданы құрамында станкілік пулемет бөлімшесінің командирі болады. Кейін офицерлік курсты бітіріп, «кіші лейтенант» шенін алып, Бірінші Белорусь майданында взвод командирі қызметін атқарған.
Ол Украинаның оң жағалауын, Молдавияны (Яссы-Кишинев операциясы), Польшаны, Варшаваны, сондай-ақ Германия аумағын азат ету шайқастарына қатысып, Берлинді алу операциясында ерекше ерлік көрсетті. 1945 жылғы сәуірде Берлин ратушасына жасалған шабуыл кезінде Мәденов взводы алғашқылардың бірі болып ғимаратқа басып кірді. Қиян-кескі ұрыс барысында ол жеке батылдығы мен табандылығын танытып, жаумен қоян-қолтық шайқаста көзге түсті.
Маршал Георгий Константинович Жуков өз естеліктерінде Мәденовтің взводы ратушаға алғашқылардың бірі болып кіргенін атап өтеді. Ал генерал-лейтенант Фёдор Боков оның сарбаздарының шайқаста ерекше көзге түскенін жазады. Деректерге қарағанда, ауыр жараланғанына қарамастан, Кенжебай Мәденов ратуша күмбезіне көтеріліп, жау туын құлатып, Қызыл туды орнатуға қатысқан.
Алайда осындай ерлігіне қарамастан, соғыс жылдарында ол жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынылса да, түрлі себеппен лайықты бағасын ала алмады. Оның қарулас серігі Константин Громов «Кеңес Одағының Батыры» атағын алғанымен, Мәденовтің ерлігі ұзақ уақыт бойы елеусіз қалды.
Соғыс аяқталғаннан кейін Кенжебай Мәденұлы әскери қызметін жалғастырып, кейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарында еңбек етті. 1949 жылдан өмірінің соңына дейін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүйесінде қызмет атқарып, жедел уәкілден бөлім бастығына дейінгі жолдан өтті. Ол әскери қызметте де, азаматтық өмірде де адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Соғыс жылдарында екі рет жараланған батыр 1974 жылы 26 желтоқсанда өмірден өтті. Оның ерлігі мен еңбегі екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен және көптеген медальмен лайықты марапатталды.
Ұзақ жылдар бойы қоғам қайраткерлері мен журналистер оның ерлігін лайықты бағалау мәселесін көтеріп келді. Нәтижесінде, тарихи әділдік орнап, Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл – тек бір адамның ғана емес, соғыс жылдарында ерен ерлік көрсеткен тұтас буынның рухына көрсетілген құрмет.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы