Антқа адал ұрпақ: Әскери институт тынысы

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери институт бар. Осындай атаулы датада дәл осы іргелі оқу орны айрықша маңызға ие.

Себебі Қазақстан армиясының негізгі жауынгерлік күші саналатын құрлық әскерлері осы ұядан түлеп ұшады. Темірдей тәртіп пен патриоттық рухты ұштастырған әскери институт мұнда мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби офицерлерді даярлап шығарады.

Көпжылдық тарихы бар оқу орны бү­гінге дейін 20 мыңнан астам офицерді оқыт­ып, ел тыныштығын күзететін кәсіби кадрлар шоғырын қалыптастырды. Институт түлектерінің қатарында 3 Кеңес Одағының Батыры, 1 Халық қаһарманы, 8 Ресей Федерациясының Батыры, 1 Абхазия Батыры, 1 Арцах Батыры бар. Сонымен бірге бұл білім ордасынан түлеп ұшқан 86 азамат жоғары офицерлік «генерал» әскери атағына ие болған. Жоғарыда біз тізіп өт­кен цифрларға қарап-ақ әскери институттың қазақ армиясындағы салмағын сезінуге болады. 

Біз таяуда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай әскери институт қыз­меткерлерімен тілдескен едік. С.Нұрма­ға­мбетов атындағы Құрлық әскерлері Әс­кери институтының ТжИЖЖ орынба­сары – басқарма басшысы, полковник Данияр Құдайбергенов бізге оқу орнының ел қорғанысындағы стра­тегиялық маңызы туралы айтып берді. 

– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі барлық мемлекет үшін басым бағыттың бірі деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Қарулы Күштері үшін кәсіби, жан-жақты даярланған офицер кадрларын қалыптастырудың маңызы айтарлықтай арта түсті. Заманауи офицер – жоғары жау­ап­кершілікке ие, стратегиялық ойлай алатын, тез өзгеретін жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білетін тұлға. Сондықтан әскери білім беру жүйесіне, оның ішінде Құрлық әскерлері әскери институтына жүктелетін талаптар да жылдан жылға күш­ейіп келеді. Құрлық әскерлері әскери институты еліміздің қорғаныс қабілетін ны­ғайтуда маңызды стратегиялық рөл атқарады. Институтта Қарулы Күштердің әртүрлі бағыттары бойынша білікті офицер­лер оқытылып, әскерді кәсіби кадрлармен толықтыру қамтамасыз етіледі, – деді ол.  

Данияр Дәуренұлының сөзінше, инс­титут өмірінде Отан қорғаушылар күні – ерекше маңызы бар мерекенің бірі. Бұл күні курсанттар мен офицерлер әскери мамандықтың жауапкершілігін тереңірек сезініп, өз таңдауларының жауапкершілігін айқын түсінеді. Мерекелік шаралар, саптық дай­ындықтар мен салтанатты рәсімдер жас сарбаздардың рухын көтеріп, Отанға қызмет етуге деген жігерін арттыра түседі. Осындай сәттерде курсанттар ел қорғау жолындағы міндеттің қаншалықты құнды екенін сезінеді.

– Қазіргі уақытта институт қызметі білім беру сапасын арттыруға, тәжірибелік даяр­лықты күшейтуге, сондай-ақ заманауи талаптарға сай офицерлерді қалыптастыруға бағытталған. Бұл еліміздің қорғаныс жүйе­сінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтама­сыз етудің негізгі тетігі деп білемін. Инсти­тут­та білім беру жүйесі теория мен прак­т­и­каны ұштастыруға негізделген. Курсанттар заманауи әскери техникамен жұмыс істеуді, тактикалық ойлауды және түрлі жағдайларда әрекет етуді үйренеді. Оқу бағдарламалары үнемі жаңартылып, халықаралық тәжіри­белер ескеріледі. Дала жаттығулары, ком­ан­далық ойындар мен цифрлық технология­ларды қолдану арқылы болашақ офицерлер дайындықтан өтеді, – деді Д.Құдайбергенов.

Әскери өмірдің қатаң тәртібі мен күнделікті дайындығының артында курсант­тарды шыңдап жүрген педагогтар­дың ең­бегі жатыр. Институттағы ұстаз­дардың көбі әскери саланың қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі мамандар. Бүгінде еліміздегі Қарулы күштер офи­церлерінің 70 пайыздан астамы осы инс­ти­туттағы білікті кадрлардың ұстаха­насынан өткен. 

– Институтта біз үшін ең маңыздысы – тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру. Мұны жалғыз талап қоюмен шектелмей, өзі­міздің күнделікті ісімізбен көрсетуге тырысамыз. Әр сабақта нақты міндет қой­ып, курсанттың тапсырманы қалай орындап жатқанын үнемі бақылап отырамыз. Жау­ап­кершілікті арттыру мақсатында жеке тапсырмалар береміз. Міндетті түрде ком­ан­далық жұмыс пен тұрақты кері байланыс қолданылады. Себебі олар бір-бірімен санасып, ортақ шешім қабылдауды үйренуге тиіс. Ал болашақ офицер үшін тек кәсіби білім жеткіліксіз. Біз курстанттарымыздың бойында ең алдымен адалдықты, жауапкер­шілікті, тәртіп пен отансүйгіштік құн­дылық­тарын қалыптастыруға тырысамыз. Сонымен бірге шешім қабылдай білу, қиын жағдайда сабыр сақтау, бастама­шылдық пен ұжыммен жұмыс істей алу да өте маңызды. Біздің мақсат – білім беріп қана қоймай, өмірдің кез келген жағдайында сенімді, тәртіпті, өзіне және бөліміне жауап бере алатын командир дайындау, – деді полковник Әділ Тұр­сынқұлов.

Ислам Бекташ – қазір Құрлық әскерлі институтының 2-батальон, 5-рота, 4-взвод, «Техникалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алады. Алғашында курсант үшін әскери өмірге үйренісу оңай болмаған. Десек те, жаңа орта мен әскери күн тәртібі қайткен күнде де тез бейімделуді талап ет­еді. Таңның атысынан кештің батысына дейінгі жоспарланған режим курсант үшін әубаста күрделі болып көрінгенімен, кейін­нен дәл осы әскери өмірдің алғашқы сынақтары кейіпкеріміздің тәжірибесін шыңдай түскен. 

– Әскери жолды таңдауыма ең алдымен елге қызмет ету, тәртіпке негізделген өмір салты мен Отанды қорғауға деген жауап­кер­шілік сезімі түрткі болды. Әскери орта­­да адамның мінезі де қалыптасады, сондықтан бұл жолды саналы түрде таң­дадым. Курсант өміріндегі ең күрделі сынақ – өзіңді жеңе білу. Бұл дегеніміз – қатаң тәртіпке бойыңды үйрету, уақыт пен талапқа бейімделу, сон­дай-ақ кез келген жағдайда жауапкершілікті жоғалтпау. Бұл оңай емес, бірақ дәл осы кезең курсант­тың мінезін қалыптастырады. Уақыт өте келе адам өзіне талап қоя білуді, сабыр сақтауды және шешім қабылдауда сенімді болуды үйренеді. Мен үшін Отан қорғаушы болу ең алдымен елдің қауіп­сіздігі үшін қызмет ету, қажет болса еліңді қорғауға дайын болу деген сөз, – деді Ислам Ахрорұлы.

Бүгінде Сағадат Нұрмағамбетов атын­дағы Құрлық әскерлері әскери институты мото­жаяу әскерінен бастап, танк, артил­лерия, барлау, инженерлік және техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ тәрбие, психологиялық жұмыс, қорғаныс, логис­тика, спорт және әскери тасымал сала­ларына дейін 17 түрлі бағыт бойынша әскери мамандар даярлайды.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы