«Кестелі орамал» кеші

Астанадағы Е.Рахмадиев атын­­дағы мемлекеттік акаде­мия­лық филармонияда «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт өтті.

Салтанатты кешке жиналған кө­рер­мен әсерлі әуенмен әрлен­ген сахна төрі­нен халықтың өткен ға­сырдағы тарихы, соғыс жыл­дарын­дағы рухани беріктігі мен бейбіт өмірдің қадірі жөніндегі қай­та­ланбас өнер туындысына куә болды. Қа­зақтың дәстүрлі ас­пап­тарының үні мен со­ғыс жыл­да­рындағы әндердің үйлесімі мә­­­дениет қайраткері Шолпан Қор­ғанбек жетекшілік ететін «Қор­қыт» этноансам­блі­нің жанды сүйе­мелдеуімен көркем­де­ліп, ажар­лана түсті.

Концертте соғыс жыл­да­рын­­­­­дағы қа­зақ шығар­ма­лары – «Батыр Бауыржан», «Жас қа­­зақ», «Ана туралы баллада», «Әлия», сондай-ақ кеңестік ке­зең­­нен кең та­нылған «Синий пла­­точек», қазақ тілін­де­гі «Катюша», «Смуглянка», «Темная ночь» және «Журавли» әндері орындалды. Көрерменге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Свет­лана Айтбаева, Естай Мұқа­шев, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, халықаралық бай­қау­лар­дың лауреаттары Айдын Жұмабаев, Пара­сат Отан, Диа­на Маева, Қымбат Жам­­­­­былбек, «Дарын» сыйлығының лау­реат­­тары Мұратбек Хайролда мен Ақбота Құс­надин, сондай-ақ «Қа­зақстан дауысы» жо­басының жеңімпазы Құралай Мейрамбек мерекелік көңіл күй сыйлады.

Көрермен көңілін толқыт­қан мереке­лік кештің атауы көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың соғыс жылдары жа­зыл­ған «Кестелі орамал» атты шы­ғарма­сы­нан алынған. Бағ­дар­ла­маның идеялық же­текшісі, фи­лармонияның эстрадалық во­кал бөлімінің көркемдік жетекшісі Да­на Сатаеваның айтуынша, кон­церт ән ар­қылы жететін тарихи кешке айналды.

«Кештің атауына айналған «Кес­телі ора­мал» әні майданға ат­танған жауын­гер­лер­дің отбасымен ұзақ уақыт хабарсыз қал­ған кезеңін бейнелейді. Олар хат жазып, оның жақындарына жететін-жет­пей­тінін білмесе де, әр жолына сағыныш пен жүрек жылуын сый­лады. Осы екі сөздің өзінде үл­кен нәзіктік пен махаббат жатыр. Сондықтан мұндай әндерді жас­тар білуі және есте сақтауы керек.

Өйткені бұл туындыларда бей­біт ас­пан үшін өмірін қиған жан­дардың рухы сақталған», – деді Дана Сатаева.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ