2026 жылдың наурыз айында Қазақстанның банк секторындағы кешіктірілген несиелер көлемі өсе түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Naryk.kz сайтына сілтеме жасап.
90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің (NPL90+) үлесі 4,0%-ға жетті. Бұл көрсеткіш ақпанда 3,9% болса, 2025 жылғы наурызда 3,4% болған. Сонымен қатар, 30 күннен астам кешіктірілген несиелердің үлесі де 5,2%-ға дейін артты (ақпанда – 5,1%, 2025 жылғы наурызда – 4,6%).
30 күннен астам кешіктірілген несиелер портфелі бір айда 2,2%-ға өсіп, 2 237 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім – 12,3%. Ал NPL90+ портфелі бір ай ішінде 2,4%-ға ұлғайып, 1 723 млрд теңгені құрады.
Кешіктірілген несиелерді провизиялармен жабу деңгейі ақпандағы 120,7%-дан наурызда 118,4%-ға дейін төмендеді. Сарапшылар мұны проблемалық несиелер көлемінің резервтерге қарағанда жылдам өсіп жатқанымен байланыстырады.
Бірінші эшелон банктері арасында проблемалық несиелердің ең жоғары үлесі Alatau City Bank-та – 7,2%, Bereke Bank-та – 7,0%, Home Credit Bank-та – 6,8% және Kaspi Bank-та – 6,2% болды. Осы төрт банктің жиынтық NPL90+ көлемі сектордағы барлық проблемалық несиенің 44,4%-ын немесе 765 млрд теңгені құрады.
Екінші эшелон банктері арасында 90 күннен астам кешіктірілген несие үлесі ВТБ банкінде – 9,6%, Bank BNK-де – 8,1%, KMF Bank-та – 6,0% және Нұрбанкте – 5,3% деңгейінде тіркелді. Бұл банктердің жалпы проблемалық несиесі 44,8 млрд теңгеге жетіп, сектордағы барлық NPL90+ көлемінің 2,6%-ын құрады.
Сонымен қатар, Заман Банкте NPL90+ үлесі айтарлықтай төмендеп, ақпандағы 5,4%-дан наурызда 1,8%-ға дейін азайды.
Несиенің тәуекел құны бойынша бірінші эшелонда ең жоғары көрсеткіш Bereke Bank-та – 11,0%, Еуразиялық банкте – 9,1%, Bank RBK-де – 6,6% және Alatau City Bank-та – 6,0% болды. Ал ең төмен тәуекел деңгейі Отбасы банкі мен Ситибанкте тіркелді. Жалпы бірінші эшелон банктері бойынша бұл көрсеткіш наурыз айында 4,9% деңгейінде сақталды.
Екінші эшелонда тәуекел құны Заман Банкте – 42,9%, Банк ВТБ-да – 22,8% және Bank BNK-де – 23,7% деңгейінде жоғары болды. Ал ең төмен көрсеткіштер Шинхан Банк пен Қазақстандағы Қытай Банкіне тиесілі.