Қастерлі мерекелер – Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов Осакаров кентіне арнайы барып, соғыс жылдары аты аңызға айналған медбике, 102 жастағы Анна Котоваға құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Анна Котованың өрнекті өмір жолы – ерлік пен адамзат баласына деген шексіз сүйіспеншіліктің шежіресі. Ол соғыс оты өршіп тұрған 1943 жылы 2-Украина майданы құрамында эвакуациялық госпиталь медбикесі ретінде ұрыс даласына аттанды. Өрімдей жас қыз жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Сарбаздарды ажалдан арашалады.
Жылы жүздесу барысында ардагер сол бір ауыр жылдар туралы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі ұрпаққа өсиетін айтты.
«Майданда біз марапат емес, адамдардың өмірін қалай сақтап қаламыз деп ойладық. Мен көп қасіретті де, жеңіске деген үлкен сенімді де көрдім. Бүгінде еліміздегі бейбіт өмірді көру – мен үшін үлкен бақыт. Ең бастысы – бейбітшілікті сақтап, бір-біріңізге мейіріммен қараңыздар. Біз жанашырлық танытқан кезде ғана адами қасиетімізді сақтап қаламыз», – деді Анна Котова.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов ардагерге естелік сый-сияпатын табыстап, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін айрықша алғысын білдірді.
Осы мереке күндері партия белсенділері еліміздің барлық өңірінде соғыс ардагерлерін арнайы барып құттықтап, қайырымдылық іс-шараларын өткізуде. Сонымен қатар «Таза бейсенбі» экологиялық-патриоттық бастамасы аясында мемориалдарды ретке келтіріп, қариялардың аулалары мен үйлерін тазалауға көмектесіп жатыр.