«Кітап оқитын ұлт» жобасы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау арқылы қоғамда білімге деген ұмтылысты арттырып, азаматтардың рухани әлеуетін дамытуға бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоба аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды “кітап аманатын” Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке жолдады.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров эстафетаны ресми түрде қабылдап, кітап оқудың қоғамдағы маңызына тоқталды.
– «Кітап – сананы жаңғыртатын асыл қазына. Кітап оқу арқылы біз өткенімізді зерделеп, бүгінімізді бағалап, болашағымызды айқындай аламыз. Бүгінде Түркістан облысында 389 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Кітап қорындағы әдебиеттер саны 6 миллионнан асады. 2025 жылы кітапханалармен бірге 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі кітапсүйер қауымға Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романын көпшілікке оқуға ұсынып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен ұлттық әдебиетті дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
Сөз соңында өңір басшысы «Кітап аманаты» эстафетасын Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай Игілікұлына жолдады.
Айта кетейік, өткен аптада Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оқырман қауымға Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романын оқуға ұсынған болатын. Аталған шығармаға байланысты Хабар агенттігі телеарнасының таңғы тікелей эфиріне алғаш болып хабарласқан Алматы қаласының тұрғыны Бекарыс Жарылқат жүргізуші қойған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, жүлделі iPhone смартфонының иегері атанды.
Көрермендер назарына: Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» арнасының таңғы эфирінде Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романы бойынша викторина өтеді. Жеңімпазды таңы да бағалы сыйлық күтеді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы - жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қазақ қаламгерлерінің еңбегін ұлықтауды және ұлттық әдеби мұраны дәріптеуді көздейтін бірегей бастама.