Ақтөбеде қайын атасына қоқан-лоқы көрсеткен жігіт жауапқа тартылды

Жуырда сот айыпталушыны қорқыту дерегі бойынша қылмыстық теріс қылық жасады деп танып, оны 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды.

Ақтөбе облысындағы ауылдардың бірінің тұрғыны бұрынғы әйелінің әкесіне қорқыту сипатындағы 14 хабарлама жіберген. Ер адам өз өміріне қауіп төнгенінен қорқып, бұрынғы күйеу баласына қатысты полицияға арыз жазған, деп хабарлайды Аikyn.kz  сайты «Диапазонға» сілтеме жасап.

Сот анықтағандай, 27 жастағы ауыл тұрғыны бұрынғы әйелінің әкесіне телефон соққан, алайда ол тұтқаны көтермеген. Осыдан кейін ашуланған жігіт оған түрлі қоқан-лоқы айтылған 14 аудиохабарлама жіберген. Ер адам расында өз өміріне алаңдап, бұрынғы күйеу баласына қатысты шағым түсірген.

Іс бойынша психологиялық-филологиялық сараптама жүргізіліп, сарапшы қорқыту хабарламаларында жәбірленушіге зиян келтіру ниеті анық байқалатынын растаған.

Қоқан-лоқы жасаған азамат жазбадағы дауыс өзіне тиесілі екенін жоққа шығармаған. Тек мұның бәрін ашумен айтқанын және бұрынғы қайын атасына жамандық жасағысы келмегенін айтқан. Соған қарамастан, қорқыту фактісі дәлелденіп, бұл әрекет қылмыстық теріс қылық ретінде танылды.

Үкімде жәбірленушінің қорқуға жеткілікті негізі болғаны да көрсетілген.