Шымкентте полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі таратумен және наркограффити салумен айналысты деген күдікке ілінген ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Aikyn.kz OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті рейдтік іс-шаралар кезінде қолға түскен. Ол қылмыс үстінде ұсталған.
Жеке тінту барысында ер адамның жанынан сатуға дайындалған психотроптық зат салынған 40-қа жуық орама табылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті есірткіні «жасырын орындарға» қалдыру арқылы таратқан. Ол қаланың әртүрлі жерлеріне орамаларды жасырып, олардың координаттарын мессенджерлер арқылы жіберіп отырған.
Сонымен қатар оның қаладағы ғимараттардың қасбеттері мен қабырғаларына есірткі сататын интернет-ресурстардың жарнамасы саналатын наркограффити жазғаны анықталған. Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.